Qara qala-дан "Теміртау тынысына" дейін: жас тілші Арман Әбілқасым қазақ тіліндегі медианы дамытып келеді — TilshiNews

Qara qala-дан «Теміртау тынысына» дейін: жас тілші Арман Әбілқасым қазақ тіліндегі медианы дамытып келеді

Инстаграм желісінде Qara qala деген атаумен Теміртау қаласының паблигі ақпарат таратып келеді. Парақша әкімшісі — Арман Әбілқасым есімді жергілікті журналист. Таяу уақыттан бері ол «Теміртау тынысы» газетін жарыққа шығара бастады.

Арманнан паблигінің атауынан бастап қазіргі газет аз оқылатын заманда неліктен мұндай тәуекелге барғанына дейін сұрадық.

«Теміртаудағы жалғыз телеарнада қызмет атқарып жүргеніме 1 жылдай болған кез. Жоғары оқу орнын тәмәмдап, «журналистика» мамандығын алып шыққалы бір газетке қосымша жұмысқа тұрғым келіп жүрген. Тілші болғасын бірдеңе жазғым келіп тұрады. Бірақ қайда? Телеарна менің халыққа жеткізгім келетін барлық ойымды шығара бермейді. Эфир уақыты жетпейді, себебі. Оның үстіне жай, қатардағы жауынгермін, тілшімін. Жұмысым — түсірілімге барып, материал дайындау», — дейді Арман Әбілқасымов.

 

Әрине тәжірибе аз болды. Жас тілші бірнеше ай ой үстінде болады. Бір іс бастағысы келеді.

«Теміртау қаласындағы қазақ тілінің дамуына өзімнің үлесімді қосу — мақсатым. Бірінші ой — газет ашу! «Теміртауда қазақ газеті жоқ» деген тұрғындар қатары көбейіп жатқан кез. Бірақ газетті қалай ашамын? Қаншама қаржы, қаржыландыру, баспа шығындары», — деп еске алады ол.

Жас тілші бір күні әлеуметтік желіде отырып, Теміртау қаласындағы түрлі орыстілді парақшаларды ақтарып шығады. Жаңалықтарын оқиды. Орыстілді мақалалардың астына қазақ тілінде пікір қалдырған оқырманды көзі шалып, бір ой сарп етеді де, түнімен маза бермесе керек.

Арманның пайымынша, қалада көп шаруа тындырылып жатыр, іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Алайда, оларды қазақ тілінде оқырманға жеткізетін не газет, не басқа ақпарат көзі жоқ еді.

«Бұл менің жұмысым ғой. Бұл менің мамандығым. Бәрібір сол мақаланы телеарнаға жазып жүрмін. Неге мақалаға өз ойымды қосып, қарапайым тілмен оқырманға жеткізбеске? Ол үшін парақша ашу керек! Көп ойланбастан, инстаграм әлеуметтік желісін таңдадым. Себебі, жастардың көбісі осында. Үлкен кісілердің де барлығы болмаса да, біразы бар. Осылай ақпараттық парақша ашуды жөн санап, бір түнде атын қойдым», — дейді Арман.

Неге Qara qala?  

«Маған шабыт келгенде ұйқым қашады. Бұрын өлең жазып жүргенде де осылай еді. Бұл жолы таңға дейін парақшаның атын ойластырдым. «Темір қала», «Теміртау таңы», «Теміртау тынысы», «Теміртау news», тағы басқа атаулар ойға келді. Бір кезде есіме жоғарғы оқу орнында бірге оқыған досым, әріптесім Диар Ыдырыс-Белбайлы деген жігіттің айтқаны келді», — деп еске алады тілші.

Қызылордалық жігіт Теміртауды өмірі қара түспен елестететін. Сол үшін де достарымен талай сөз  таластырғанға ұқсайды. Шынында Нұр-Сұлтаннан Қарағандыға өтіп бара жатқан жолаушылар алдымен Теміртаудың арғы жағындағы биік-биік зауыт ғимараттарын көреді екен. Одан шыққан түтін қаланың үстінен кетпейді. Міне осыдан ой туып, парақша «Қара қала» атанды.

«Таң атып, жұмыста парақшаның логотипін ойлай бастадым. Таңба парақша атына сай болуы керек. Көп ойланбастан, зауыт пен қаланың суретін бір-біріне қосып, оқырманға тез көрінетіндей «қара қала» деп жаздым. Яғни логотиптен қаланы да, оны қоршаған зауытты да көруге болады. Қара түспен жазылған қала үстіндегі «қара» деген жазу Теміртау көгіндегі қара бұлтты білдіреді. Ал оның астындаға ақ түспен жазылған «қала» сөзі, ақ ниетті, ақ жүректі халықты білдіреді. Дизайнына да көп бас қатырмадым. Тақырыпқа сай парақшаны тек екі — ақ және қара түстермен безендіруді жөн көрдім», — дейді паблик әкімшісі.

Бастамасы, даму жолы

Парақша ашылып, посттар бірінен соң бірі жарияланып жатты. Бірақ әр мақалаға лүпіл басатын Арман мен келіншегі ғана. Жалақысының бір бөлігін үнемі жарнама жасауға жұмсайтын болды.

«Әрине пайда шамалы, бірақ оқырман бірте-бірте көбейіп жатты. Кезінде өлең жазып жүргенімде өлеңімді ешкім оқымаса бүртүрлі, өзімді жайсыз сезінетінмін. Бұл жолы да сол жағдай қайталанып, жәй таппадым. Жарнама мен бөлінген уақыттың арқасында алғашқы 1000 оқырманды 4-5 айда жинап алдым. Иә, парақшаға көп уақыт жұмсайтынмын. Жұмыста отырсам да, қолым тие қалса жаңалықтармен бөлісіп, жаңа өзгерістерді ойлап отыратынмын», — дейді тілші.

Бірге жұмыс істейтін әпкелері Арманға «неге уақытыңды құртасың, одан саған табыс түспейді ғой» дейді екен.

«Иә, түспейді. Бірақ Теміртау халқының маған ризашылығын білдіріп, рақмет айтып жатқанын көргенде, өзімді тоқтату кеш еді. Еңбек еселеніп, жазбалар да мұқият жазыла бастады. Себебі, бұл да үлкен жауапкершілік. Оқырмандар тарапынан тапқан қолда мен үшін ақшаның орнын басты. Қала көшелерінде жүргенде мені танып, амандасатындар қатары көбейді. Бұл мен үшін үлкен жеңіс», — дейді қуанышын жасырмаған Арман.

Рас, әлі күнге дейін парақша атына сын тағатындар табылады. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстарды көргенде көпшіліктің ойы, көзқарасы өзгермей қоймайды екен.

Парақшаның бүгінгі өмірі

Бүгінде парақшаға 1 жыл толды. Оқырман саны 10 мың. Тендерге бағынбай, тәуелсіз басылым болудың әсері қандай болатынын Арман сезіне түседі. Контентті өзі қалыптастырады. Журналист те өзі, редактор да, әрлейтін адам да өзі. Уақытқа бағынбайды. Еркін кестемен жұмыс істейді. Оқырман парақшада пост күтеді екен.

«Нәтижесінде үкіметтің қаржысына тәуелді бірқатар ақпараттық парақшалардан гөрі «Қара қаламның» беделі биік секілді көрінді. 10-ға жуық маман жұмыс істейтін басқа парақшалармен тереземді теңестіру, мен үшін үлкен абырой», — дейді ол мақтанышпен.

Таяуда БАҚ қызметкерлері күніне орай Арман Теміртау қаласы әкімінің алғаш беріліп жатқан «Самғау» сыйлығына ие болды.

«60-70 мың оқырманы бар басқа орыстілді парақшалар арасында топ жару, әрине мен үшін тосын сый болғаны анық», — дейді ол.

Алда не күтіп тұр?

«Қара қала» азды-көпті танымалдылыққа ие болғаннан кейін Арман қазақ тілінде газет ашуды көздейді. Жоғары оқу орнында білім берген ұстаздарының бірі Нұрлыхан Қалқаманұлымен бірге осы істі қолға алып, бірінші нөмірін басып шығарды. «Екі адам болып газет жазды» деген атақ алып, Теміртау қаласының қазақ тіліндегі жалғыз газетін әзірге мемлекет тарапынан ешқандай қолдаусыз жарыққа шығарып отыр.

Марат Төлепберген, «Тілші»

3 Comments

  1. Арман жарайсың! Тек алға!!! Қара қала инстаграм парақшасының оқырманымын!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *