Ақтөбеде ерекше балалардың ата-аналары түрлі диагноздағы балалардың бөлек оқытылғанын қалайды — TilshiNews

Ақтөбеде ерекше балалардың ата-аналары түрлі диагноздағы балалардың бөлек оқытылғанын қалайды

Ақтөбе қаласында ерекше балаларға, соның ішінде психикалық дамуы тежелген балаларға арналған балабақша мектеп бар. Алғаш рет  бақша-мектеп 1995 жылы құрылды. Мектеп 4 жылдық, қазақ және орыс сыныптары бар.

Алдымен «Психикалық дамуы тежелген» деген диагнозға тоқталып кетсек, бұл диагноз көп адамдар ойлағандай ақыл есі дұрыс емес, жынды, аутист емес, ПДТ – ол мүлде бөлек диагноз.

Бұл балалардың ақыл есі дұрыс, тек қатарынан кеш дамып келе жатырған балалар. Мысалы 10 жастағы бала болса, оның ойлау қабілеті 7-8 жастағы баланың ойлау қабілетірмен бірдей.

Мұндай мектеп батыс өңірінде тек Ақтөбе облысында бар. Бұл мектептің айырмашылығы – бір сыныпта бала саны 12 баладан аспайды, сабақ бағдарламасы жалпы мектептердегідей, тек сабақ ұзақтығы – 25 минут.

Балалармен айналысатын арнайы мамандар-психолог, дефектолог, логопед мамандары қарастырылған. Арнайы балаларды апарып алып келетін қоғамдық көлігі бар, таңғы ас, түскі ас қарастырылған, мұғалімдері өте керемет, жұмыстарына мығым, жан-жақты білімді, баламен жақсы жұмыс істейді.

Нәтижелер көп, мектеп ұжымына тағатын мін жоқ. Бұл жерде мектеп ұжымы емес, облыстық әкімдік,  облыстық білім беру басқарамасы, облыстық прокуратураға үндеу десек дұрыс болар.

Жылдан жылға ерекше балалардың көбеюіне байланысты, оларды диагноздарына қарап бөліп оқытқан жөн сияқты. Аутистер, НОДА (нарушения опорно-двигательного аппарата), ДЦП, ОНР (общее нарушение речи – тілі кеш шыққан балалар), ЛУО (легкая умственная отсталость – жеңіл формада ақыл есі қалық балалар) топтарына бөлек балабақша-мектеп ашылу керек.

Неге? Статистикаға сүйенсек, ПДТ мектеп-бақшасына биыл кезекте 480 бала тұр. Бұл санақта  Атырау, Ақтаудан келген балалар да бар. Туған қаласын, жұмысын тастап, баласы үшін Ақтөбеге көшіп келетін ата-аналар жеткілікті.

Кезегі жетіп, ПМПК-дан анықтама алып келгесін балалар бұл мектепке, бақшаға орналасады.  Осы жерде әр түрлі диагноздағы ерекше балалар – ПДТ балаларға әкелетін теріс әсерлерін айтып кетпесек болмайды.

Бұл жайлы аналармен сөйлесіп сұраған кезде айтқандары – «ПДТ балалардың» жылына екі рет алатын кешенді ем шаралары,  невролог кеңесі, массаж, уколдары бар, кейбір аналар Алматы, Нұрсұлтан, Орынбор қалаларына апарады.

«Бір ем-шараның бағасы қалада орта есеппен 70 мың теңге. Осы алынған ем-шаралар бекер кеткендей әсерде боламын, себебі қасындағы басқа диагноздағы балалардың олқы, теріс  қылықтарын бала қайталап, өз бойына сіңіреді.

Ем шарадан бөлек, ПДТ балаларымызды қоғамда қалай өзін ұстау керек екенін түсіндірумен боламыз. Сабақ  үлгерімін  жақсартып, бір теріс қылықтарын қойдыртып жатсаң, екінші бір қылық шығарып отырады. Ем шара жүргізіп, түрлі секцияларға апарып, сабағын жақсартсақ та жыл да бір әдет шығарып отырады», – деп шағымданды Айнагул есімді ана (есімі өзгертілді).

Екінші ана Әселдің  айтқаны:

«Балам бір жыл қаладағы № 23 жалпы орта мектепте оқыды, кейін ПДТ мектепке ауыстық, баламның сабағы жақсы болғанымен, ашылғанымен бір жылда теріс қылықтар көп үйренді. ПМПК комиссиясы қойған диагнозға келіспей, бір жыл мүмкіндік сұрап, баламды жалпы мектепке оқыттым. ПДТ бақша-мектептің атауынан қорқып, бірден жаман ойға салынып, жұрт не айтады деген сөзден қорқып, уақыт жоғалтып алған аналардың қатарынанмын. Балам ол мектепте тұйық болды. Баланы арнайы түзету мектебіне беруге қорықпау керек екен, сабақ жағынан керемет нәтижелерге қол жеткіздік. Бір кемшілігі – барлық диагнозды балаларды бір жерде оқытқасын қоғамда ерекшеленіп тұрамыз. Біздің елде өкінішке орай, қоғамда бір ақауды байқаса, қатты мән беріп, баланы да, ата-ананы да қысылтады. ПДТ мектеп-бақшасында тек сол диагнозы бар балалар оқыса екен, қалған диагноздарға бөлек мектеп-бақшалар ашылса екен».

Үшінші ана Айнұрдың айтқаны:

«Менің баламда тек ПДТ диагноз бар, мүгедектік жоқ, баламды жалпы мектепке ауыстырғым келді, себебі жыл да түрлі қылық шығарады. Сосын қаладағы  қазақ орта мектеп директорына барып жолықтым. Сонда ол «қабылдаймыз, бірақ бір тоқсан қатаң бақылауда болады» деген. Неге? Себебі, инклюзив класта кем дегенде 5 бала болуы керек, 5 балаға саны жетпейді, баланы арнайы мектепте қалдырған дұрыс,  бағдарламаны алып кетуі екіталай,  бала үйренісіп кете алмайды, басқа балалардың ата–аналары шағымдануы мүмкін дегенді алға тартты. «Ауру» балалар басқа балаларға кері әсерін тигізуі мүмкін. Басқа мектептердің берген жауабы да дәл осындай болды» (кейіпкер қаладағы мектептер нөмірлерін де тізбелеп берді, егер білім басқармасы тарапынан қызығушылық танытса, нөмірлерді беруге дайынбыз)

Бұл сұхбат-әңгімеден түйген ойымыз – ПДТ балалар жалпы мектепте оқи алмайды, балаларға кері әсерін беретін науқас балалар.

Балалар дәрігері, невролог, 45 жылдық тәжірибесі бар Лариса Максименко ханымның айтуынша, ПДТ диагнозы – бұл науқас емес, ол белгілі бір уақытта алынатын диагноз.

«Менің тәжірибемде 200-ге жуық балада осындай диагноз болған. 11-12 жаста көп балалардан бұл диагноз алынады. Бұл диагноз нақты қалай, неден болатыны туралы әлі күнге дейін ешкім айта алмады. Жүктілік кезінде қатты қорқу, дәрігерлердің салғырттығы, отбасыдағы жанжалдар, қол көтеру, бәрі әсер етуі мүмкін. Тек уақыт, сабыр, жақсы ұстаным болу керек, баламен екі есе айналысу керек екендігін, ПДТ балаларға ерекше көзбен қарап, қоғамнан шеттетіп, аянышты көзбен қарамай, қолдау көрсете білу керек екендігін, қарапайым ата-аналар балаларына олар «ауру» деп үйретпей, сыйластықпен қаратуды үйретсе», – дейді дәрігер.

Негізінде жалпы білім беретін мектептерде инклюзив класс болу керек, ол заңда қарастырылған.

«Бала саны аздығын, мұғалімдердің жетіспейтіні туралы түрлі сылтауларды айта беруді қойып,  осы мәселелер көтеріліп, қарастырылып, оңтайлы шешім қабылданады деген үміттеміз. Президентіміз биыл балалар жылы деп жариялады, ата-аналарға да, балаларға да қолайлы жақсы шешім шығатынына сенім мол», – деп үміттенеді ата-аналар.

Меруерт Еділбайқызы, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы

«Азаматтық журналистер желісі» жобасы Internews MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі Агенттіктің (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады

2 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған