"Әр тиынның қадірін білеміз": "Тілші" жастайынан ақша тауып үйренген ақтөбеліктер арасында сауалнама жүргізді — TilshiNews

«Әр тиынның қадірін білеміз»: «Тілші» жастайынан ақша тауып үйренген ақтөбеліктер арасында сауалнама жүргізді

Қазіргі таңда жастардың жұмысқа орналасуы өзекті мәселе. Мемлекеттік жұмыс таппаса да, жастар ақша табудың тиімді жолдарын меңгерген. Студенттердің басым көпшілігі ауыр жұмыстан бастап, мобилографияны т.б. салаларды еркін меңгерген. Кейбірі дипломын енді қолға алса, енді бірі бар дипломмен жұмыс таппай сенделген жастардың қатарында.

Осы орайда Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы Ақмарал Мұқашева қала жастарының пікірін сараптаған еді.

Орынбасар Жеңіс, студент, жас әнші:

«Ақша табуға ең бірінші түрткі болған – әкемнің жоқтығы. Жалғыз анам, екі бауырым бар. Бір адамның ақшасы толық өмір сүруге жетпейді. Ақшаны адал жолмен табуға болады деп жастарға ақыл айтар едім. Ең бірінші 9 класс бітірген жылы Жансұлтан досым екеуміз жер қазып ақша таптық. Алғашқы табысым 25 000 теңге болды. Ол мен үшін көп ақша болып көрінді. Алғашқы табысымды анама сыйладым, анамның қуанышында шек болмады. Ал, өнер жолында ән айтуды үйреткен Айгүл есімді  ұстазым еді. 10 класс оқып жүргенде әртүрлі республикалық жарыстарға қатыстырды. Жүлделі орындарға ие болып, ақшалай сыйлық алдым. 11 класс бітірген жылы анам аппаратура алып берді, сонымен кішігірім тойларға шыға бастадым. Биыл Ақтөбе гуманитарлық колледжінің «Мәдениет және саз бөлімін» бітіремін. Қазіргі уақытта республикалық конкурстарды жүргізіп жүрмін, көп ақша төлемесе де болашақ өміріме қажет болғандықтан үйреніп жүрмін. Арасында жеке балабақшаларда сабақ беремін. Баламен жұмыс істеген ұнайды. Басты арманым – Димаш Құдайберген, Нұрболат Абдуллин сияқты атақты әнші болу. Жалпы еңбектенген, ізденген адамға ақша табу қиын емес. Үнемі ізденіс үстінде жүру керек. Еңбектеніп тапқан ақшаның құнды екенін білесің, жұмсағың да келмейтін кездер болады».

Фархад Ғадидоллаұлы, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы, инклюзивті және тәрбие бөлімінің әдіскері:

«Қазіргі жастарда мүмкіндік өте көп. Жұмыстан тыс уақытта ғаламтор арқылы сауда жасау, жеке кәсіп арқылы табыс тауып жатқан жастарымыз жетерлік. Әртүрлі курстарды оқып алып, бизнес бастаймын деген адамдарға бар мүмкіндік жасалған. Мәселен, мен мерекелік іс-шараларды жүргізу, ғаламтор арқылы сауда жасап қосымша табыс тауып отырмын. Кешкі уақытта көлігіммен шығып, адамдарды қажет жерлеріне жеткіземін.  Такси қызметінен кем дегенде күніне 10 мың теңге түссе мен үшін пайда. Тек мемлекеттік жұмыстағы азын-аулақ ақшаға қарап отырмай, отбасымды асырау менің ер-азаматтық міндетім деп санаймын. Сондықтан жастарға айтарым таза еңбек, табысқа бастар даңғыл жол дегім келеді».

Гүлназ Райсқызы, жас маман, аспаз:

«Мен қазіргі таңда жоғары білімді маманмын. Мамандығым – кітапханашы. Алайда, мамандығым бойынша жұмыс таппағандықтан, қосымша табыс көзімен жұмыс істеймін. Қазіргі таңда торт, бәліштер, әртүрлі кондитерлік тәттілерді жасаймын. Табиғи гүл шоғын және шоколадты гүл шоқтарын безендіремін. Жастарға айтарым, жұмыс жоқ деп отыра бермеңіз. Әлеуметтік желі арқылы, ғаламтор арқылы кез келген істі меңгеруге болады. Көп ақша таппасам да, осы кәсібім ұнайды. Әрдайым дамып отыру керек, сонда ақша өзі-ақ сізді іздеп табады. Менің алға қойған мақсатым мамандығым бойынша жұмысқа орналасу, оған дейін оқушы кезден бастаған адал қызметімді тастамаймын. Халықтың алғысын алып, хоббиімді табыс көзіне айналдырамын».

Нұрбек Жалғасбаев, волонтер:

«Қазір жастар мейрамханалар мен дәмханаларда жұмыс істейді. Мен де белгілі бір мейрамханада әкімші болып жұмыс істеймін. Дипломды қолға алған жастар жұмыссыз жүреді, себебі, олардан тәжірибе сұрайды. Енді оқу бітірген маманда қайдан тәжірибе болады?! Сондықтан көбісі басқа салада жұмыс істеуге мәжбүр. Бұйырса, алдағы уақытта өз салама барғым келеді. Білімді жастарды тәрбиелейтін ұлағатты ұстаз боламын деген ойым бар. Жұмыстан тыс уақытта Алла разылығы үшін қызмет етемін. Волонтер ретінде қайырымдылықпен айналысамын. Бір қуантарлығы жастар ақшасы жоқ болса да, игілікті істерден, көмек беруден қашпайды. Біздің волонтерлік топ біршама отбасына үй сыйлағанын мақтанышпен айта аламын».

Перизат Құрманбаева, мобилограф:

«Қазіргі жастарға ақша табу бұрынғыға қарағанда жеңілірек. Өз хоббиіңді табыс көзіне айналдыруға болады. Мен жас ана ретінде үйде босқа отырмай, бір саланы меңгергім келді. Көптеген курстарды оқып, табыс көзім 300 мыңнан асты. Бастапқыда 30 мың теңгеден бастағанмын. Өз басым үнемі ізденісте жүремін. Жаңашыл болғанды ұнатамын. Мобилографияның маңыздылығы, композиция, ракус, план, камераны сьемкаға дайындау, негізгі түсіру техникалары, монтаж, трендтегі Reels түсіру техникаларына практика жүргізу арқылы мен табыс тауып отырмын. Тек өзім түсіре бермей, икемі бар жастарға да білгенімді үйретемін. Мобилография мәңгілік емес. Сондықтан, үнемі трендтен қалмай, барлық саланы қолынан келгенше меңгеріп алған маман ешқашан жұмыссыз қалмайды. Жастарға үнемі айтарым – бос уақытты тиімді өткізіп, жарнама немесе PR арқылы да табыс табуға болады».

Әсел Кеңес, студент:

«Мен сабақтан бос уақытта қаладағы фастфуд желілерінің бірінде жұмыс істеймін. Бұрын егізіммен бірге дәмханаларда қызмет ететінмін. Қазір ол басқа жерде жұмыста. Осы қосымша жұмыстың арқасында үй алдық. Отбасыма аз да болса көмегім тигеніне қуаныштымын.  2 курстан бері даяшы болып жүрмін. Бір күндік табысым 4 мың теңге. Ата-анамнан ақша сұрап көрмеппін. Қайта алған шәкіртақымды анама беремін. Қосымша жұмыстан тапқан ақшам жүріп-тұруыма, тамақтануыма, бояу алуыма, басқа да қажеттіліктеріме жетеді. Сондықтан, осындай жұмыс істедім деп еш арланбаймын. Қаншама байдың балалары ата-аналарының ақшасын судай шашып жүр. Ал, біздер ақшаны таза еңбекпен тапқан соң, әр тиынның қадірін білеміз».

Тынық Көбей, әкімші:

«Мен жан-жақты адаммын. Ең алғашқы табыс көзімді Instagram арқылы таптым. Өз басым сауда-саттыққа жақын адаммын. Киім саттым, көкөніс, жеміс-жидек те саттым. Қазіргі таңда қаладағы дәмханалардың бірінде әкімшімін. Сонымен қатар, жеміс-жидек, көкөніс сататын кішігірім дүкен ашып алдым. Көтерме бағамен сатып, одан түскен ақшамды балаларымның қажеттілігіне жұмсаймын. Кафе де ашқым келген. Онымен, ең дұрысы халыққа қолжетімді, дүкен ашу деп санадым. Кішкентайымнан еңбекке ерте араластым. Әкем ерте қайтыс болғандықтан, бар ауыртпалық анама келіп түсті. Бес баланы асырау оңай емес, әрине. Сабақты қатты оқымасам да қол жұмысына жақсы болдым. Ең алғашқы табысым 2 мың теңге. Кілем жудым. Ол кезде біз үшін көп ақша. Оқу құралдарымды алуға жететін. Картоп жинап та табыс тапқан кездерім болды. Студент кезімде картоп жинадым, оны саттым. Ауыр жұмыс жасау мені шыңдады. Жастарға айтарым, еден жуып та ақша табуға болады. Шұлық сатып, күніне 3 мың теңге тапқан мен үшін жұмыстың ауыр-жеңілі жоқ. Технолог маман болғандықтан, қамыр илеу мен нан жаю мен үшін қиын емес. Дәмханаларда да жұмыс істедім. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қанатты сөз менің өмірлік ұстанымым».

Расымен де қазіргі жастармен тілдесе келе олардың еңбекке шыдап, ебін тауып жүргені қуантады. Кез келген салаға икемі бар жастардың жұмыссыз жүруі мүмкін емес.

Ақмарал Мұқашева, арнайы «Тілші» үшін

21 Comments

  1. Жарайсыздар жақсы жандар еңбектеріңіз еленіп қалаған маман иесі болыңдаздар, Гүлназ Райсқызы Сізге Алла разы болсын, кеңестеріңіз оқырмандарыңызға өз пайдасын беретініне сенемін, еңбегіңіз жемісін берсін<3

  2. Гүлназ адал еңбегіңмен тек биіктерді бағындыратыныңа шын сенемін. Қай істе де тек үйреніп қана қоймай соның хас шебері болуға талпынатын жоғары белсенділігің мен адал ниетің, еңбекқорлығың көпшілікке үлкен үлгі болып келеді. Ешқашан алған бетіңнен қайтпайтын қайсар мінезіңнен тайма, тек қана алға. Біз сегімен мақатанамыз!

  3. Гулназ кызым жарайсын,осы талабыннан таймай жастарга улги болып,ата ананнын мактанышы ,куанышы болып жулдыздай жаркырап журуине шын журектен тілектеспіз,сәттілік! Ак жол !

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған