"2-3 айда айығуға болатынын түсіну керек": Ақтөбеде анонимді алкоголиктер клубы ашылды — TilshiNews

«2-3 айда айығуға болатынын түсіну керек»: Ақтөбеде анонимді алкоголиктер клубы ашылды

Ақтөбеде жасырын алкоголиктер клубының жұмыс жасай басатағанына 1 айға жуықтады. Өкінішке қарай, әзірге келушілер қарасы өте аз. Ұйымдастырушылардың айтуынша, клубқа келу тегін, элементар 12 қадаммен танысып, өмірінде қолданып жүрсе, ішімдіктен арылуға болады.

«Тентек судың кесірінен өмірмен қош айтысатындар аз емес. Қазақстан алкоголь салдарынан адам өлімі бойынша әлемде 11 орында тұр, бүгінде күніне 30-ға тарта адам осы ішімдік салдарынан көз жұмады екен. Әрине, мен тек ресми мәліметті айтып отырмын. Есепте тұрмағандар қаншама. Көпшілік арақтан арылып, қалыпты өмір сүруге болатынын түсінбейді», – дейді аты-жөнін Нұрлан деп таныстырған бастамашыл топ жетекшісі.

Ақтөбеде клуб ашылғалы тұрақты түрде 6-9 адам келіп түрады. Жалпы, елдегі клубтарда келушілердің ең жасы 16-да, үлкені 75 жаста.

«Осы жағдайға адамдар түрлі жолдармен жеткен. Бірі жағдайы жақсы болып жүріп тентек суға жақын болады. Екінші бірі бүкіл мал-мүлкінен айырылып осы жолға түседі. Сәйкесінше, отбасыларын сақтап қала алмайтындар кезігеді. Араққа салынған соң, денсаулығы да, достарымен қатынасы да, жұмысы да қалады», – дейді Нұрлан.

Айтуынша, ішімдікке сауатты, білімді, үлкен қызметте жүрген азаматтар да салынып кетуі мүмкін. Құқық қорғау органдарында қызметтегі адамдар да адасады.

Жалпы, жер бетінде анонимді алкоголиктер клубының пайда болғанына 90 жылға жуықтапты. Қазақстанда алғашқы орта 10 жыл бұрын пайда болған. Бүгінде алкоголиктер клубы Алматы, Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Көкшетау, Қостанай, Шымкент, Риддер, Қарағанды, Ақтау, Өскемен қалаларында жұмыс істейді.

«Мұндай клубтың арқасында осы дерттен 70-90%-ға дейін емделіп кету мүмкіндігі бар. Бізге келуге көпшлігі ұялады. Сол себепті біз наркологиямен, медицина орталықтарымен, құқық қорғау органдармен және ақпарат құралдарымен қарым-қатынас орнатып келеміз. Дерті асқынып кетпесе ішімдікті 2-3 айда қоюға болады», – дейді бастама жетекшісі.

Асыланбек Қолжанов, арнайы «Тілші» сайты үшін

«Азаматтық журналистер желісі» жобасы Internews MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі Агенттіктің (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған