"Нота орнына фигуралар": Ақтөбе тұрғыны аспаптарда ойнауды үйретудің ерекше әдісін тапты — TilshiNews

«Нота орнына фигуралар»: Ақтөбе тұрғыны аспаптарда ойнауды үйретудің ерекше әдісін тапты

Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлсана Мағзымбетова музыкалық аспаптарда ойнаудың ерекше методикасын ойлап тауып, қазір сол арқылы балаларды домбыра мен фортепианода ойнауға үйретіп жүр, деп хабарлайды «Тілші».

Методикасының ерекшелігі – ноталар мен саусақтарды түрлі түстер мен геометриялық фигураларға ауыстырған. 2019 жылы осы методикасын патенттеп, авторлық құқыққа ие болды.

Білім министрлігіне қарасты «Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының» тұрақты лекторы. Қараша айында Дубайға барып методикасымен таныстырып келген.

7 жасынан бастап әкесінен домбыра шертуді үйреніп Қандыағаштағы музыкалық мектепті, Ақтөбедегі музыкалық колледжді, Орал қаласындағы мемлекеттік университетті үздік аяқтаған оның бүгінде жеке домбыра мектебі бар.

«Балабақшада жұмыс жасап жүргенде домбыра үйірмесін ашу туралы тапсырма берілді. Бірақ 3-5 жасар балаларға нотамен үйрену қиын болып, еш нәтиже шықпады. Кейін кішкентай балалардың түс пен фигураларды ажырата алатынын байқап, ноталар мен саусақтарды түрлі түс пен геометриялық фигураларға ауыстырдым. Сөйтіп балалар екі айдың ішінде ән мен күй үйреніп шықты. Методикам осылай пайда болды. Бұл методиканы тек домбыраға емес, кез келген аспапқа пайдалануға болады», – дейді Гүлсана.

Гүлсананың айтуы бойынша, бұл әдіс мүмкіндігі шектеулі жандардың музыкалық аспапта ойнауына жол ашады. Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға домбыра тартуды тегін үйретіп келеді. Қазіргі таңда 7-8 ауыр диагнозы бар 40-50 баламен тегін жұмыс жасайды.

– Гүлсана, сізді қазір не мазалайды? Болашаққа қандай жосапларыңыз бар? Қасиетті домбырамызды қалай насихаттауға болады?

– Біріншіден, домбыраны үйрететін интернет-платформа дайындау. Себебі – менің методикам онлайн оқытуға әбден келеді. Онлайн-мектептің жобасы, видеолары дайын. Сабақтар ағылшын тілінде болады деп жоспарланып отыр.

– Екінші мәселе, домбыраны мектепке жеке сабақ ретінде енгізу. Үкімет енгізгісі келеді. Бірақ методика жоқ. Өйткені, 30 баламен нота үйрену деген қиын нәрсе. Себебі мектепте 7-8 ай нотамен отырасың. Балалар әртүрлі, қабылдауы қиын балалар бар. Сондықтан министрлік дайын методика ұсыну керек.  Ал өнерге жақын балалар жаман қылықтардан аулақ болады. Ортасы дұрыс болады.  Менің қазіргі мақсатым – инклюзияны дамыту. Мектеп пен балабақшаларда инклюзивті қосымша білім беру методикасын енгізгім келеді. Қазір аутизм, психологиялық дамуында ақауы бар балалар көп кездеседі. Олардың да қарапайым мектептерде білім алуға құқықтары бар. Сондықтан дайын методика болуы тиіс.

Гүлсана елде мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлінсе дейді. Себебі музыкамен емдеу – оңалтудың ең тиімді, нәтижелі жолы. Мүгедек балалар ауыр халде келіп, кетерде 3-4 есеге жағдайы жақсарып кетеді екен.

«Сонымен қатар заманауи әндерде домбыра үнін қолданылуы туралы да айтылды. Қазір Ninety Onе тобы, Ерболат Беделханның шәкірттері домбыраны көп пайдаланады. Димаш Құдайберген мен «Ұлытау» тобын айтпасам да белгілі», – дейді ол.

Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Бұл күні Гүлсана өзінің мектебінде балаларға арнап ашық сабақ , шағын мерекелік шара өткізуді жоспарлап отыр.

Гүлсананы білім министрлігі маусым айында Нұр-Сұлтан қаласына осы бағытты көрсетуге шақырып жатыр.

Ардақ Тұрманова, арнайы «Тілші» сайты үшін

«Азаматтық журналистер желісі» жобасы Internews MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі Агенттіктің (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған