«Мәди Ахметов синдромы жастарға жұқса, тағы 10-20 жылды жоғалтамыз» – сарапшы — TilshiNews

«Мәди Ахметов синдромы жастарға жұқса, тағы 10-20 жылды жоғалтамыз» – сарапшы

Мәди Ахметов синдромы қауіпті сигналға айналуы тиіс. Экономикалық сарапшы Айбар Олжай журналист Ербол Сейілханмен «Сұрауы бар» Youtube арнасында өткізген подкаст алаңында осындай ашық пікір айтты.

«Мені қатты қынжылтқан бір нәрсе бар. Ол – жағымпаздықпен айналысқан жас баланың Мәжіліс депутаты атануы. Қоғамды күйретіп жіберетін сигнал  бұл. Ол жастарға ашық, қоғами, жария түрдегі жағымпаздықпен айналыссаң, қандай да бір дивидент алуға болатынын көрсетті. Ал бұл өте қауіпті. Себебі мұның артында егер үлкен бір бастықты мақтап, ескерткіш қоюға үндесең инемен құдық қазып, білім алып қиналудың не қажеті бар деген түсінік қалыптасады. Бұл жаппай тенденцияға айналса, онда тағы 10-20 жылды жоғалтып аламыз»,  – дейді Айбар Олжай.  

Жастарға жағымпаздық идеологиясының жаман екенін қолда бар құралдың бәрін пайдалана отырып месседж тарату қажет деп есептейді сарапшы. Себебі қазіргі нарықта кәсіби маман ғана бағаланады.

«Қазір бізге жалпы жағымпаздық идеологиясының жаман екенін түсіндіретін алаңдар көп керек. Жастарға «жағымпаздықпен айналыспаңдар, оның перспективасы жоқ деген мессенж ұранын айта беру керек. Ол рас. Жағымпаздық болашақта ештеңеге апармайды. Ол сізге уақыт созып жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ түбі сіз ұтыласыз. Нарыққа  профессионал керек. Өзіңіздің бағаңыз болады», – дейді сарапшы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған