Темір ауданының театрлары неге актерлер құрамын жиі жаңартады? — TilshiNews

Темір ауданының театрлары неге актерлер құрамын жиі жаңартады?

Мамыр айында Шұбарқұдық кентінде екі бірдей премьера өтті. Бір қызығы қалың жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленген театр мүшелері мен мектеп оқушылары.

Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Аманат» жастар театры жас режиссёр Тимур Еңсегеновтың жетекшілігімен бұған дейін бірнеше қойылым қойып үлгерді. Бірақ ол уақыттағы театр мүшелері бүгінде студент болғандықтан театр жаңа құраммен ел алдына шықты.

Театр құрамы жиі өзгеріп тұрады. Себебі театр мүшелерінің барлығы дерлік мектеп оқушылары. Сондықтан жылма-жыл құрамды толықтырып отырмаса, жұмыстану ауырға соғып кетеді. Бұл тұрғыда театр жетекшісі, Тимур Еңсегеновтың еңбегі орасан зор.

Биыл театр құрамында ойдай өзгерістер бар. Өйткені, Базарғали Нұржігіт есімді жас мұғалімнің жетекшілігімен «Dejavu» атты мектеп жанынан тағы да бір театр ашылып, қос театр бүгінде бірлесе жұмыс атқарып, өз нәтижесін де беріп жатыр. Оған дәлел жоғарыда атап өткен екі премьера.

Қос театрдың бірлесе сахналаған алғашқы қойылымы Шыңғыс Айтмановтың «Жәмила» повесі. Повестьте бейнелеген сұрапыл соғыстың қараңғы тұстарын, оқушылар жиылған жұртшылықтың жүрегіне жеткізе білгені театрға келген көрермендер көзіне жас алып, орындарынан тұрып қошемет ұруынан көрініп тұрды.

Темірді қызған кезінде соқ деп, арасын суытпай театр мүшелері Ресей елінде өткен театр фестивалінде «Ең үздік шығарма» номинациясын жеңіп алған «Алғашқы махаббат» пьесасын ауыл тұрғындарына ұсынды. Соңғы қоңыраумен тұспа-тұс келген премьера өнер сүйер қауымның езуіне күлкі сыйлап, өмірлеріндегі ең тәтті шақты еске салғандай.

Айта кетейік театр маусым айының басында Орал қаласында өтетін Батыс аймақтық театр «Театрдың ғажайып әлемі» атты фестивальге жол тартпақ. Өнерлі жастарымызға сәттілік жолдас болып, өнер биігінен көрінулеріне тілектеспіз.

Нұрбек Қобылан, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы

«Азаматтық журналистер желісі» жобасы Internews MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі Агенттіктің (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған