Мүмкіндігі шектеулі жандар Ақтөбедегі тау-кен байыту комбинатының "Халықтық бақылау" жобасына жұмысқа алынды — TilshiNews

Мүмкіндігі шектеулі жандар Ақтөбедегі тау-кен байыту комбинатының «Халықтық бақылау» жобасына жұмысқа алынды

ERG құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның үшінші филиалында «Халықтық бақылау» жобасы басталды. Бұған дейін аталған жоба Ақтөбе мен Ақсу зауыттарында іске қосылған еді. «Халықтық бақылау» жұмыс қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың жай-күйін қадағалауды күшейтуге бағытталған. Жобаның ең басты ерекшелігі — денсаулығына байланысты өндірісте жұмыс істей алмайтын кәсіпорынның бұрынғы қызметкерлері және өңірде тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар бақылаушылар қатарына қосыла алады. Бұл туралы «Тілшіге» компанияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Хромтауда бақылаушы қызметіне 10 адам шақырылды. Олардың басым бөлігі — мүмкіндігі шектеулі жандар. Барлығы ресми түрде қажетті аударымдар мен әлеуметтік пакеті бар жұмысқа қабылданады. Компания қызметкерлерді ноутбук және ұялы телефондармен қамтамасыз етеді. Құрал-жабдықтың көмегімен олар кәсіпорынның бейнебақылау жүйесіне қосылып, диспетчерлерге ереже бұзушылықтар туралы хабарлап отырады. Операторлар күніне 4 сағаттан үйден жұмыс істемек.

«Дөң тау-кен байыту комбинатында қазірдің өзінде мүмкіндігі шектеулі сегіз қызметкер  кәсіпорынға жұмысқа тұрды, – деді комбинат директоры Азамат Бектібаев. – Бұл ортақ мақсатымыз – өндірісте жарақаттануды мүлдем болдырмаудың тағы бір қадамы болады деп сенеміз. Иә, қауіпсіздік ережелерінің сақталуында ішкі бақылау бар, әйтсе де бұл жеткіліксіз. Сондықтан 2019 жылдан бастап компания осы мақсат үшін сыртқы бақылаушыларды жұмысқа қабылдап келе жатыр». 

Барлық операторлар жұмыс бастамас бұрын алдымен арнайы оқытудан өтті. Алғашқы кезеңде олар жеке бейнетіркеу құралдарымен жұмыс істейтін болады. Мұндай құралдарды Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері шахтада, сондай-ақ, жоғары қауіпті жұмыстарды жүргізу кезінде жөндеу персоналдары қолданады. Қызметкер ереже бұзу дерегін тіркегеннен кейін еңбекті қорғау бөліміне есеп жолдайды.

«Жоба туралы білген бойда өтініш қалдырдым, – дейді бақылаушы Медет Сағындықов. – Емтиханды сәтті тапсырып, жұмысқа қабылдандым. Бұған дейін №4 жөндеу цехында электрослесарь болып жұмыс істедім. Өкінішке қарай, денсаулығыма байланысты жұмыстан кетуге мәжбүр болдым – бүйректерім ауырды. Екі жыл жұмыссыз жүрдім. Қашықтан еңбек етуге мүмкіндік бергеніне ризамын».

 Еске сала кетейік, 2019 жылы «Халықтық бақылау» жобасы Ақтөбе өңіріне іс-сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырылды. Сол кезде бұл жоба Ақтөбе ферроқорытпа зауытында сәтті басталды, кейін Ақсу зауытында жүзеге асты. Енді Дөң тау-кен байыту комбинатының кезегі де жетті.

«Қызметкерлердің өздері-ақ өз өміріне және денсаулығына мұқият қарасын деген мақсатта олардың бойынан өндірістік қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырғымыз келеді, – дейді «Қазхромның» еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік қызметінің жетекшісі Игорь Сидоркин. – Тәжірибе көрсеткендей, «Халықтық бақылау» жобасы ферроқорытпа зауыттарында бақылаудың және цехтарда қауіпті әрекеттерді болдырмаудың тиімді құралына айналды».

Жоба басталғалы «Қазхром» филиалдарында бейнебақылау операторлары 27 326 бұзушылық анықтады. Бұл ықтимал апатты оқиғалардың алдын алған деген сөз. Бүгінде «Қазхромның» ферроқорытпа зауыттарында 30 бейнебақылау операторлары жұмыс істеп жүр.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған