
Қазақстан Республикасының «Ақпаратқа қол жеткізу» туралы Заңына сәйкес, азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатер төндіретін төтенше жағдайлар мен апаттар және олардың салдарлары туралы, сондай-ақ дүлей зілзалалар, олардың ресми болжамдары мен салдарлары туралы ақпараттарға қол жеткізуге тыйым салынбайды.
Осы Заңның 6-бабына сәйкес, денсаулық сақтау саласының, санитарияның, демографияның, көші-қонның, білім берудің, мәдениеттің, әлеуметтік қорғаудың, экономиканың, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы, сондай-ақ қылмыстық ахуал туралы ақпараттар да қолжетімді болуы керек.
Сонымен бірге, терроризм актілерін жасау фактілері, экологияның, өрт қауіпсіздігінің жай-күйі туралы, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдай, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы ақпараттар да ашық болуы тиіс.
Заң сонымен бірге, жеке және заңды тұлғаларға мемлекет беретін артықшылықтар, өтемақылар және жеңілдіктер туралы, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылу фактілері туралы ақпараттардың қолжетімді болу керектігін көрсетеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта резервінің мөлшері туралы, мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мәтінін, сондай-ақ олардың жобаларын қамтитын ақпараттар қолжетімді болуі керек.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, республикалық және жергілікті бюджеттер қаражатының қалыптастырылуы мен олардың жұмсалуы туралы, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражаттың жұмсалуын бақылау туралы ақпараттардың да ашық болғаны жөн.
Шектеу қойылмайтын ақпараттар қатарында ақпарат иеленушілердің, олардың лауазымды адамдарының заңдылықты бұзу фактілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызылатын ақпаратты қоспағанда, саяси, әлеуметтік және басқа да себептер бойынша жаппай қуғын-сүргін туралы, оның ішінде архивтегі ақпаратқа қол жеткізу шектелуге жатпайды.