
4 айға созылған Tilshi Books жобасы аясында 3,5 мыңнан астам кітап жиналды, деп хабарлайды «Тілші». Мамыр айында басталған жоба тамыз айының соңғы күндері қорытыланды.
Әдетте, көптеген қайырымдылық шараларында мұқтаж отбасыларға қаражат жинап, азық-түлік апарып жатады. Кейде баспана сыйлап, киім-кешек алып береді. Біз өз тарапымыздан неғұрлым рухани дүние тартуды көздедік.
«Жүректен жүрекке Ақтөбе» волонтерлер тобымен бірлесе отырып, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен қарттар үйіне, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сонымен бірге, Аналар үйімен Жасөспірімдерді бейімдеу орталығына жиналған кітаптарды тарту еттік.
Бүгінде жаңа кітаптар көптеп шығарылып жатыр. Алайда, оны орташа жалақы алатын жанның өзі әрең сатып алады. Жұмысбасты жандардың өзі әрдайым 2000-6000 теңгесін қиып, кітап ала бермейді.
Жоба аясында билік өкілдері, журналистер, волонтерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер мен оқушылар көмектесті. Тіпті, шалғай ауылдардан кітап жолдағандар табылды. Сонау Қарағанды облысынан хабарласып, кітап жибергендер болды.