Нұрлыбек Жұбатқан, сатирик: Әкемнің шығармаларын кезекті кітабына қосамын — TilshiNews

Нұрлыбек Жұбатқан, сатирик: Әкемнің шығармаларын кезекті кітабына қосамын

Белгілі сатирик, актер, режиссер, «Екі езу» театрының негізін қалаушы Нұрлыбек Жұбатқан кезекті кітабына марқұм әкесінің шығармаларын қосуды жоспарлап отыр.

«Әкем 2009 жылы дүниеден өтті. Өзінің жазып қалдырған әңгімелері бар екен. Маған оны көрсеткен жоқ. Бір қызығы кітапқа енгізгісі келгендей басып қойыпты. Соны көріп көңілім босағаны рас. Енді бір кітабыма әкемнің шығармаларын қосып шығарғым келеді», — дейді ол «Тілшіге» берген сұхбатында.

Бірнеше кітаптың авторы Нұрлыбек Жұбатқан «Түйреуіш” жинағы өзіне қатты ұнайтынын айтады.

«Өйткені, бұл кітапта өмірден алынған сатиралық шығармалар көп. Ішінде саяси сатира, мысалдар мен ертегілер бар. Бұл кітапты драма театрында директор болып жүргенде жаздым. Адамға шабыт бір ортаға келгенде пайда болады екен. Жаңа ортада шабытым оянып, бір жылда кітап жазып шықтым. Электрондық варианты да бар», — дейді сатирик.

Жұбатқанның бүгінге дейін 3 кітабы жарық көрді, тағы 2 кітап баспаға дайын. Бірі — сатиралық әңгімелер, екіншісі — басынан өткен қызықты оқиғалар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *