
Темір ауданынан шыққан өлкетанушы Райымбек Жұбаныш өлкетану жұмыстарының сылбыр жүргеніне қынжылыс танытады, алайда, соның себебінен кітап жазуды қолға алғанын айтады.
«Қазір үш кітаптың авторымын. Келесі айда немесе қыркүйекте төртінші кітабым шағады. Ең ұнайтыны және әлі күнге сұранысы жоғарысы — туған ауылымның тарихы баяндалатын “Киелі мекен Кеңесту” кітабы. Алдағы уақытта қайта басылып шығаруға ұсыныс түсіп жатыр», — дейді ол «Тілшіге» берген сұхбатында.
Райымбек кітап жазу, зерттеу жұмыстарын жүргізуді бала кезден армандаған. Сол мақсатпен тарих факультетіне оқуға түскен.
«Оқып жүріп зерттеушілік бағытқа өзімді дайындай бастадым. Бірақ қандай бағытта екендігін таңдауым керек болды. Соңында өзімнің туып өскен ордама тоқталып, туған жерім Темір ауданына аттандық. Бір жыл бойы өзге аудандардағы өлкетанушылық жұмыстарын сырттай бақылап жүрдім», — дейді жас өлкетанушы.
«Темірдің де апайтөс даласы бар, сол далада ешкімдікінен кем емес талай тарих жатқаны әр жүрген жерімде көз алдыма келді де отырды» деген ол 2016 жылдың жазында өлкетанушылық жұмысқа кірісіп кеткен екен.
«Бұл жерде еш ойланбастан өзім туып-өскен ауылдан бастауды жөн көрдім. Екі жыл ауыл арасын аралап, ақсақалдармен тілдесіп, нәтижесінде “Киелі мекен Кеңесту” атты кітап жарық көрді. Жалпы кітап жазуға өзімнің бала кездегі кітапқа құмарлығым мен аудан көлемінде өлкетанушылық жұмыстардың сылбыр жүргізіліп келе жатқаны себеп болды деуге болады», — дейді ол.
Өйткені, 2015 жылы ауданға келгенде өлке тарихы туралы оқушыларға таныстырайын десе, материалдар өте тапшы болған. Міне, сол кездегі маңдайының тасқа тие бергенінен «неге осыны өзім жасамасқа?» деген ой келсе керек.