Дүниежүзілік банк: Қазақстан экономикасының инвестициясы кеміп, қарызы көбейіп келеді — TilshiNews

Дүниежүзілік банк: Қазақстан экономикасының инвестициясы кеміп, қарызы көбейіп келеді

«COVID-19 дағдарысы: Бетбұрыс кезең». Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанның 2021 жылдың 6 айындағы экономикасы туралы баяндамаға осындай тақырып қойыпты, деп хабарлайды Inbusines.kz тілшісі.

Жарты жылдың ішінде Қазақстан экономикасында біртіндеп өсім байқалғанымен, коронадағдарыс басталғанға дейінгі көрсеткішке жету әлі де мүмкін болмай тұр. Пандемия ел экономикасының шикізат өндірісіне қаншалықты кіріптар екенін бар қырынан көрсетіп отыр. Жылдың екінші тоқсанында шектеулер бәсеңдеп, алыс-беріс көбейгеннің арқасында ғана мұнай бағасы өсіп, сауда балансында экспорттың үлесі сәл де болса артқан.

Аграрлық сала үмітті ақтамады

Дүниежүзілік банк өкілдері Қазақстан экономикасында негізгі көрсеткіштердің бәрі оң динамика көрсете бастағанымен, инвестиця тым мардымсыз келіп жатқанына алаңдайды.

«Тікелей шетелдік инвестицияны көбейту үшін инвестициялық климатты жақсарту керек», –делінген баяндамада. Баяндама авторлары Қазақстанның өз ішінде көп айтыла бермейтін мәселенің бетін ептеп ашады.

«Елдің кіріс шоты Қазақстан мен бірнеше халықаралық мұнай компанияларының арасындағы Қарашығанақ кен орнынан түсетін кірісті бөлісу дауы реттелгеннен кейін қалыпты деңгейге қайтуы керек», –деп жазады Дүниежүзілік банк сарапшылары.

Былтыр алғашқы жартыжылдықта Қазақстан 1,6 млрд долларға ферроқорытпа, қара металл, темір кені, тазартылған мыс, өңделмеген мырыш пен алюминий экспорттаса, биылғы 6 айда оның көлемі 3,4 млрд долларға өскен.

«Қазақстан әлемде азық-түлікке деген сұраныстың қатты өскенін тиімді пайдалана алады. Бірақ ол үшін ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру керек. Демек, бұл салаға да инвестиция тартпаса болмайды. Бірақ ол инвесторлардан экологиялық тұрақтылық стандарттары талап етілуі керек. Сондай-ақ, саладағы жабдықтау мәселесіне реттеу қажет», – деп жазылған баяндамада.

2019 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан экономикасына шетелден 3 млрд тікелей инвестиция тартылған. Ал былтырғы жарты жылдықта ол 1,8 млрд долларға азайған. Биыл одан да түсіп, 388 млн доллар ғана болып отыр. Дүниежүзілік банк сарапшылары мұны Ресей мен Еуропада коронавирустың жаңа толқындары қайта-қайта қылаң беруімен байланыстырады.

Дүниежүзілік банк қазақстандық банктер коронадағдарыстан әупірімдеп өткенімен, пандемиға дейін реттелмеген олқылықтардың ауыртпалығы бұрынғыдан еселеп салмақ салуы мүмкін екенін болжайды.

Стрестік активтер «Жүйедегі стрестік активтердің деңгейін шын мәнінде әлдақайда үлкен болуы мүмкін.

Ресми мәлімет бойынша, 2021 жылдың сәуірінде оның көлемі 7,1 пайызға ұлғайған болатын. Несие кепілдіктері, тексеру мораторилері, жеңілдетілген несие сияқты шаралар локдаун кезінде компанияларды құрдымнан құтқарды.

«Алайда, жұмыс істемейтін кредиттердің нақты мөлшері жұмыс істемейтін кредиттерді тану және кредиттік тәуекелдерді резервтеу ісіндегі нормативтік-құқықтық олқылықтардың кесірінен жаңсақ есептелген болуы мүмкін. Нақты деңгей мәжбүрлеу шараларын қолданудан бас тартуды толығымен тоқтатқаннан кейін қазіргіден де артуы мүмкін», – делінген құжатта.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *