Баян Ахатай, кәсіпкер: Тек өзіне сенген адам ғана кәсіпкерлікті өркендете алады — TilshiNews

Баян Ахатай, кәсіпкер: Тек өзіне сенген адам ғана кәсіпкерлікті өркендете алады

2020 жылғы статистика мәліметтері бойынша, Қазақстанда әйелдер басқаратын кәсіпорындар үлесі 28,3% пайызды құрайды. Олардың көпшілігі шағын және орта бизнес секторында жұмыс істейді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де еліміздегі кәсіпкерлік саладағы әйелдердің үлесін толықтырып жүрген жан.

Баян Ахатай – Нұр-Сұлтандағы «Тәй-тәй Star» балабақшасының басшысы әрі 3 баланың анасы. Отбасы мен кәсіптің басын теңдей ұстап жүрген кәсіпкер ханым «Тілшіге» бизнесін қалай ашқандығы, нендей қиындықтар болғандығы жайлы әңгімелеп берді.

Баян ханым, балабақшаны қай жылы және қалай аштыңыз?

Балабақшаны сіңліммен бірігіп 2017 жылы аштым. Сіңлім мектепке дейінгі білім беру саласының маманы. Бүгінде сіңлім екеуміз бірге жұмыс істеп жатырмыз. Балабақшамыз «Тәй тәй Star» деп аталады. Әзірге көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен де осы уақытқа дейін  Нұр – Сұлтан  қаласындағы аты көпке мәлім республикалық байқаулар мен  түрлі конкурстардың жеңімпазы атандық.

Бизнесте неліктен дәл осы саланы таңдадыңыз?

Балабақша кәсібін таңдау себебім, жалпы менің қолымнан ең жақсы келетін іс – ол осы балалармен атқарылатын жұмыс, солардың тәрбиесі мен білімі. Соны өзім сапалы атқаратыныма сенімді болғаннан  кейін кәсіп түрін де осымен байланыстырдым. 20 жыл ұстаздық қызметте істеген соң балалармен жұмыста менің тәжірибем де білімім де жеткілікті болды.

Мектеп, жалпы үздіксіз білім беру саласының барлық саласынан өткенмін. Алайда соның ішінде тек балабақша саласы ғана маған таныс емес екен. Сондықтан бизнесті де осы салада бастауды жөн көрдік. Кәсіпті бастап, жұмысқа кіріскен соң өзімнің мектепке дейінгі балалармен тым жақын екенімді түсіндім. Сондықтан бұны тек бизнес  яғни табыс көзі деп емес, өз кәсібімді жақсы көріп сүйіспеншілікпен істеймін.

20 жыл ұстаздық қызметтен кетіп бизнес бастауға не себеп болды?

Жалпы мен өмірде өте белсендімін. Таң атқаннан күн батқанға дейін қозғалыста жүретін адаммын. 20 жыл ұстаздық еткен кезде былайша адамның ішінде түйткіл болады ғой. Мен ұстаздықты жақсы көремін, осы күнде кейде аудиориямды сағынамын.

Бірақ бір сарынды өмірден жалықтым. Өзіңіз білесіз, ұстаздық салада қағазбастылық өте көп. Содан «кәсіп ашсам қалай?» деген ой келгенде менде өмірге деген құштарлық, тың күш пайда болды да, мен мұғалімдік саладан кетіп жеке, тәуелсіз жұмыс жасау керектігін түсіндім. Бәлкім, 20 жыл көп уақыт  жұмсаған шығармын. Бірақ десе де әр нәрсенің өзінің уақыты болады емес пе?!

Ал балабақшаны ашқан кезде қандай қиындықтар болды?

Негізі кез келген кәсіп қана емес, қандай да бір істі  бастаған кезде оның өзіндік қиын тұстары болады. Біз балабақшаны енді ашқан кезде  бізде маман тапшылығы, қаржының жетіспеуі сияқты кедергілер кездесті. Сондықтан тек қана тәрбиешілерді жалдап, солардың жұмысына ғана айлық төлей алдық.  Себебі бала тәрбиесімен педагогтар айналысу керек қой.  Ал одан басқа қандай жұмыс бар, соның бәрін де өзім атқарған кездер болды.

Мысалға бірде басшы болып кабинетте отырсам, енді бірде ауланы өзім сыпырып жүрдім. Тазалық жұмыстарына да араластым. Қолым қалт етсе балаларға арнап әртүрлі пісірмелер де пісіре беремін. Осылай бастапқыда қаржыны үнемдеу үшін өзім басшы, өзім аспаз кейде тіпті тазалықшы жұмысын да жасадым. Өйткені сол кезде аяғымыздан тұрып кеткенше мамандарды жалдау бізге қиынға соқты. Қазіргі уақытта осы сатылардың барлығынан өттік. Бүгінде балабақшаның әр саласында өзінің мамандары жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта балабақшада қанша адам жұмыс істейді? Қанша бала тәрбиеленіп жатыр?

Бүгінгі таңда біздің «Тәй-тәй Star»  балабақшамызда  140-тай бала тәрбиеленеді және 30 адамды жұмыспен қамтып отырмыз.  Қазақ және орыс тілдерінде білім береміз. Мекемемізде 2,5 жастан 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндер тәрбиеленеді. Алдағы уақытта балабақшаның санын көбейтіп, кәсібімізді кеңейтуге ниеттен3п жатырмыз. Осы мақсатта әр түрлі жобаларды қолға алдық.

Құпия болмаса, айлық табыстарыңыз жеткілкті ме? 

Айлық табыс жайлы пандемия жағдайында айту өте қиын. Себебі қазіргі уақытта кез келген кәсіпкер егер салыққа қарыз болмай шықса, жұмысшылар айлығын уақытылы толық өтесе соның өзі үлкен табыс болып отыр бүгінгі таңда.

Дегенмен, әрине кәсіпкер болғасын міндетті түрде табыс табуға ұмтылу керекпіз. Біз бұл үшін әр түрлі қосымша дәрістер, онлайн сабақтар ұйымдастыру арқылы табыс көздерін жасауға тырысып жатырмыз. Қазіргі пандемия кезінде «Міне, менің тұрақты айлық табысым мынандай» деп ешқандай кәсіпкер айта алмайды деп ойлаймын. Ол ай сайын өзгеріп отырады. Лайым өсіп отыру керек, негізі. Кейде кіріс артса, кейде азайып қалады.

Балабақша бизнесін табысты жүргізу үшін қандай детальдарға мән беру керек?

Балабақша ғана емес, басқа кәсіпте де, кез келген істі жасаған кезде ең бірінші кезекте сапаға мән беру қажет. Ол жұмысты жаның қалап сүйіп жасауың керек. Өзім балабақша бизнесінде қатты назар аударатын нәрсем – ол балалардың дұрыс тамақтануы, күн тәртібінің (режим) сақталуы және денсаулықтарын қадағалау. Әрине мән беретін детальдар өте көп. Бірақ бәрін қосып айтқан кезде осылай бір ауыз сөзбен сапа деп түйіндеуге болады.

Отбасы мен бизнесті қатар алып жүру оңай ма?

Мен үшін отбасы мен бизнесті қатар алып жүру қиын болмады. Себебі отбасым маған әрдайым қолдау білдіріп отырады. Әрине, кейде уақыттың тығыздығынан үлгермей жүретін кездер де болады. Бірақ ондай кезде біз отбасымызбен қосылып істейтінбіз. Сол жұмыстың айналасында барлығымыз жүреміз. Ауызбіршілік болған жерде, меніңше, барлығы жақсы болады.

Дегенмен бір атап өтерім, әсіресе бастық лауазымында қызмет атқаратын әйелдердің психоэмоционалдық жағдайы күндіз басшылыққа қалыптасып келеді. Сондықтан олардың дикциясында, сөйлеу мәнерінде бұйрық беруге, командалық дауыспен сөйлеуге дағдылар қалыптасуы мүмкін.

Алайда үйдің табалдырығын аттаған соң біз үйде әйелміз, ана рөлінде екеніміз естен шығып кетпеуі керек.

Бизнесвумен ретінде жас қыз-келіншектерге қандай кеңес бересіз?

Кәсіпкерлікпен айналысу үшін ең бірінші тек қана өзіңе сенуің керек. Ешкімге сеніп жұмыс жасамау керек. Өзіңнің күшіңе, қайратыңа, тапқырлығыңа, адамдармен қарым-қатынас жасай білуіңе, біліміңе, мінезіңе сенуің керек. Бұл кәсіпкерліктің ең бірінші шарты. Тек қана өзіне сенген адам ғана кәсіпкерлікті өркендете алады!

Сұқбатыңызға рақмет! Кәсібіңізге береке тілеймін!

Сұқбаттасқан Мақсат Абылғазыұлы, «Тілші» сайтының практиканты

1 Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған