
2020 жылы Қазақстан билігі бұқаралық ақпарат құралдарына қанша жұмсады?
«Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қорының жетекшісі Диана Окремованың есебінше, 2020 жылы мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарына шамамен 43 миллиард теңге бөлген.
Мемлекеттік тапсырыс деген не?
Тағы да Диана Окремованың пайымынша, мемлекеттік тапсырыс дегеніміз — бұл мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға мемлекеттік тапсырысы. Сонымен бірге, Ұлттық әл-ауқат қоры, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, автономды білім ұйымдарына, т.б. жасалатын тапсырыс.
Қай БАҚ қанша алады?
«Құқықтық медиа орталық» қоғамдық қоры жетекшісінің хабарлауынша, мемлекеттік тапсырысты негізінен белгілі бір ақпарат құралдары алады.
- Сараптама және ақпарат орталығы – 974 млн теңге,
- «Егемен Қазақстан» газеті – 877,5 млн теңге,
- «Казахстанская правда» газеті – 721 млн теңге,
- «ҚазАқпарат» агенттігі – 659 млн теңге,
- «Мир» телекомпаниясы – 284,7 млн теңге,
- «Қазақ» газеттері – 253 млн теңге.
Заңның солқылдақ тұсы қайсысы?
Диана Окремованың есебінше, мемлекеттік сатып алу туралы заңдағы үлкен мәселе — жеткізушілер (орындаушылар) саны жеткіліксіз болған жағдайда бір көз әдісімен сатып алу мүмкіндігі. Заңның солқылдақ тұсы. Бәсекеге қабілетті болуы тиіс мемлекеттік сатып алу осылай өтеді. Сонымен бірге, қосымша келісім жасау мүмкіндігі де шынайы бәсекелестікке кедергі. Бұл ретте сыбайлас жемқорлықтың иісі шығады.
Мемлекеттік тапсырыс тиімділігі қалай өлшенеді?
Мемлекеттік тапсырыс тиімділігін тексеру барысы, Диана Окремованың айтуынша, бүгінгі таңда үлкен мәселе.
«Мемлекеттік тапсырысты үлестіру мен тиімділігін бағалау критерийлері жоқ. Материал мен газет бетінің саны, эфир минуттарымен қоғамдық пікірге қаншалықты әсер етуге болатынын есептеу мүмкін емес. Тапсырыс тиімділігі дегеніміз халықтың мемлекетке сенімінің жоғарылауы деп білемін. Өкінішке қарай, құзырлы министрлік тапсырыс тиімділігінің халық сеніміне қалай әсер ететінін өлшеу жолдарын айта алмай келеді», — дейді ол.
Мемлекеттік тапсырыс тиімді болуы үшін не істеу керек?
«Қазіргі қолданыстағы жүйе тиімді емес. Оны өзгерту керек. Бюджетті игерудің тиімсіздігі байқалады. Конкурстық процедуралар керек, жасалған жұмыстың есебі анық емес. айқындылық болуы керек, процеске көпшілік жұмылдырылу керек, сарапшылар талқысына түсу керек. Шешім қабылдарда, есеп жүргізуде қаржыландару барысы талқыға түсуі керек. Сонымен бірге, мемлекеттік арналардың жарнама нарығына қатысу-қатыспау мәселесін қарастыру керек. Кейбір дүниелерді жариялауға кететін қаражат сол саланы дамытуға бөлінген қаржыдан көп», — дейді Диана Окремова.
Құзырлы министрлік не айтады?
Ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік тапсырыстың шетел контентіне қарсы тұратын бірден-бір әдісі деп санайды.
«Бұл мәселенің талқыланып отырғаны биыл емес. Медиа нарықтың аса қатты дамымағаны сол, бұл шетелдік контентке қарсы тұрудың жалғыз әдісі. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесі «Ел арна», «Балапан» секілді арналардың ашылуына көмектесті. Коммерциялық арналар мұндай арна ашпайды, өйткені мұндай арналар нарықта бәсекеге түсе алмайды», — дейді ақпарат министрі Аида Балаева.
Оның айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары инфрақұрылымын қолдау тек мемлекеттік тапсырыс арқылы мүмкін болып отыр.
«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс тиімділігі жөнінде көп айтылады. Тағайындалған бойда осы мәселені талқыладық. Ұсыныстар негізінде жұмыс комиссиясы құрылып, ақпараттық тапсырысты қалыптастырудың әлсіз және мықты тұстары шын зерттеліп жатыр. Осы бағытта жұмыстар жетілдіріледі», — деп атап өтті Аида Балаева.
Марат Төлепберген, «Тілші» (фото: «Уральская неделя», «Азаттық»)
Аталған материал IWPR техникалық қолдауымен @school.cabar менторлық қолдауы бағдарламасы аясында әзірленген.