"Күллі әлемнің өкпесі күйіп жатыр, Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан...": Ақындар елдегі соңғы жағдайларды жырға қосты — TilshiNews

«Күллі әлемнің өкпесі күйіп жатыр, Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан…»: Ақындар елдегі соңғы жағдайларды жырға қосты

Ақтөбе қаласында бірден өршіген эпидемия салдарынан өлім жетім саны көбейіп, қара жамылған жандар көбейді. Ауруға шалдыққандар дәрі дәрмек таппай, жедел жәрдем мен доқтырлардың көмегіне қол жеткізе алмай қапыда қалып жатты. Бүкіл қазақ даласы айналасы екі апта ішінде қара қайғыға душар болып, бір біріне жете алмай, көңіл айта алмай, тіптен өлгенін жерлей алмай отырғанда Елордада күніне орай Астана аспанында отшашу шашылғаны халықтың да, зиялы қауымның да көңілін су сепкендей басып тастағанын әлеуметтік желілердегі пікірлерінен, тіптен табан астында туған өлеңдерінен білуге болады.

Аты әлемге әйгілі әнші Димаштың да пост жазып, «кім үшін, не үшін атылды салют?» деп сұрақ қойғанын бүкіл әлем халқы оқыды деуге болады.

Халықтың жанайқайына үн қосқан ақындар ащы тілімен отшашушыларға ашуланып, зілді тілмен осып–осып алды.

Ендеше, елімізге танымал ақындардың аузынан шыққан «отты» өлеңдерден шумақтар беруді ұйғардық.

Есенғали Раушанов. Фото: qazaquni.kz

Қазақтың маңдайалды ақыны Есенғали Раушанов:

«Оңашаны ұнатам,

Дариғашыл дарақылау ғасырда.

Қазақстан емес шығар мына Отан,

Қазақ емес шығармын мен, расында», — деп өз Отанына, қазақтығына ұялып жазды.

Светқали Нұржан. Фото: qyzylqoga.kz

Маңғыстаулық ақын Светқали Нұржан ағамыз:

Отыз жылда кірмей қойған есің бір,

Отпен ойна, ойындарың осылғыр!

Сексенде де енбей қойған есің бұл,

Отпен ойна, дүрең оттан есілгір!» — деп қарғыс жаудырғандай зілмен жазыпты фейсбук парақшасында.

Бақыт Беделхан. Фото: adebiportal.kz

Ал, алматылық отауызды ақын Бақыт Беделханұлы:

«Астананың… қызуы қырық боп тұр!

Сылтау да өткір, әйнектей сынық та өткір.

От сапырды…

Жын шашты…

Кері с*ді.

Ары қарай не деуші еді?

Құрып кеткір!»  — деп наразылығын білдірген фейсбук парақшасында.

Нұрлыбек Қалауов. Фото: «Керек инфо»

Ақын Нұрлыбек Қалауов:

Толассыз қаралы хабарлар,

Жер шұқып, жасыған жанарлар.

Үй, көше – иесіз аралдар,

Кісенсіз бұғауда аяқ-қол» — деп халықтың шарасыз күйін мұңдап алдан үміт күтеді.

Танакөз Толқынқызы. Фото: adebiportal.kz

«Қиын ғой оқыс өлген,

Көздер көп оты сөнген.

От шашып тойлағандар!

Отпенен ойнамаңдар!

Көз жастың хақы болар,

Тозақтың оты болар, — деп ашынады Танакөз Толқынқызы.

Мақпал Жұмабай. Фото: inform.kz

«Отты шашу дүңкілдеді,

Ауылыңа жетті ме үні?

Шоғы түсіп жүрегіңе,

Күйдірді, кешір, күнім…

Осы отты жарқыл енді,

Жанарлардан жоғалмайды…» — деп жазды «Балапан» арнасының бас директоры ақын Мақпал Жұмабай.

Асылзат Арыстанбек. Фото: El.kz

«Мәйіттің үстінде мереке-думан,

Табыттың үстінде от шашу!

Ауруханалар айыбын жуған,

Ажалдың құдды қақпасы…

Табыттың үстін көмген гүлімен,

Отшашуымен алмасып.

Арыстарыңның өлген күнімен,

Туған күніңмен, Елбасы!»  — деп жазды ақын Асылзат Арыстанбек фейсбук парақшасында.

Есей Жеңісұлы. Фото: «Алаш айнасы»

Ал, әлеуметтік желілер мен ватсап желісінде ақын Есей Жеңістің бір шумақ өлеңі кеңінен тарап кетті.

«Ескерткішің бар енді таза мыстан,

Тұтты, сірә, қызғанып аза дұшпан.

Күллі әлемнің өкпесі күйіп жатыр,

Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан…

Көр үстінде көп шайтан билегендей,

Отшашуың бітпеді-ау, Қазақстан…»

Әлеуметтік желілерде көптің наразылығын туғызған отшашудан кейін Президент Қ.Тоқаев 13 шілде күнін аза тұту күні деп белгіледі. Айналасы бір айдың ішінде ауыр індетке шалдыққандардың саны 50 мыңнан асып түскен. Ал, Ақтөбе облысында ресми дерек бойынша 2,6 мыңнан астам пневмония дертіне шалдығып, емделу үстінде.

Халықтың ашу-ызасын тұғызған отшашудан кейін Президент Қ.Тоқаевтың жолдауы басу айтқандай болды. Халықты дәрі дәрмекпен қамтамасыз етуге уәде де берілді. Алайда, халық Үкіметке емес, өзіне сенім артуы керек екенін түсінгендей.

Сағадат Нұралықызы, Азаматтық журналистика мектебінің оқушысы

2 Comments

  1. Салют атқаны қызық болды. Асылзат тіліп тіліп жіберіпті. Қайтсын халықтың зары өтті ғой.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *