"Болашақта жалақымның 20 пайызын қайырымдылыққа бөлемін": Атыраулық бойжеткен ерікті жұмысының қызығы туралы айтып берді — TilshiNews

«Болашақта жалақымның 20 пайызын қайырымдылыққа бөлемін»: Атыраулық бойжеткен ерікті жұмысының қызығы туралы айтып берді

Ол 17 жастағы батыл қыз. Еріктілердің қатарына қосылу оның арманы емес еді. Дегенмен қайырымды жандардың ортасынан өзіне дос табуды көздегені рас. Бүгінде оның жанынан табылар адал достары көп. Оның барлығы ерікті жандар. Ендігі оның арманы қайырымдылықтың арқасында жетістікке жету. Оның ойынша жетістіктің алғашқы кірпіші қайырымдылық жасаудан басталады. Ол «Атырау» волонтерлік тобының мүшесі Айнель Хайроллаева.

«Мәңгіге ерікті боламын»

Еріктілікті қоғамға пайдаңды тигізу деп түсінетін Айнель 3 жыл бұрын өз ортасында тұйық болды. Сол уақытта біреуге көмектесе білудің өзі бақыт екенін түсінген жоқ. Адам санын көбейтіп отырған бір жиында қайырымдылықпен айналысып жүрген еріктілерді байқаған. Белсенді жастарға қызыға қарап, қайырымды жандардың ортасынан табылғысы келіпті.

«Еріктілік арқылы өзімді таныдым. 2017 жылы массовка ретінде бір жиналысқа келдім. Сол кезде еріктілерді жолықтырдым. Шыны керек оларға қатты қызықтым. Осылайша қызығушылығым ерікті болуыма әкеліп соқты. Жанымдағы ерікті жандар маған мотивация берді. Олардың қолдауының арқасында ашылдым. Кей адамдардың санасында «Ерікті болып аз ақша алып отырғанша, бомж болып үкіметтен көп ақша алып отырғаным» жақсы деген сөз бар. Бомж үкіметтен ақша алатын шығар. Бірақ халықтың қарғысында жүреді. Мен халықты қарғысында қалғанша, халықтың мақтауын, үкіметтің алғысын неге алып жүрмеймін?! Қоғамға пайдамды тигізіп жүру үшін ерікті болғаным мың есе артық. Он төрт жасымда ерікті боламын деп ойламадым. Дегенмен жастар қалай мотивация алады деген сұрақтың жауабы маған қызық болды. Белсенді болғым келді.  Міне, болашақта он төрт жастағы қыздың қалай ерікті болып, жақсы дәрежеге жетсем, соны өзгелерге түсіндіргім келеді. Менің негізгі жетістігім еріктіліктен бастау алған деп мақтанышпен айтатын күнді аңсаймын. Өмірімнің соңына дейін ерікті болуға дайынмын. Өзімнің бітірген мамандығыммен жұмыс жасармын. Дегенмен еріктілікті жолда қалдырмаймын. Болашақта жалақымның 20 пайызын қайырымдылыққа бөліп тұрамын деп алдыма мақсат қойдым. Жұмысқа тұрғаннан кейін сол мақсатымды орындаймын», – дейді ол.

«Еріктіліктен достыққа»

Айнель ерікті болып жүрудің болашақта жақсы жұмысқа тұруға пайдасы бар деп ойлайды. Еріктілік арқылы жетістікке жеткен жандарды да көрген. Сол себептен болар еріктілікті жарқын болашақтың бастауы деп есептейді.

«Ерікті болу ең алдымен қоғамға пайдаңды тигізу. Яғни, сен өзіңнің қолыңнан басқаларға көмектесу келетінін білесің. Қолыңнан келе тұра көмектеспесең, бұл қателік сияқты. Ерікті болу мен үшін бір жағынан достар табуға болды. Еріктіліктің арқасында өте көп достар таптым. Бірге өткізген қаншама шараларымыз болды. Кез келген шараның өтуіне жоспар құра білдік. Еріктілік арқылы бір жағынан болашақта жақсы бір жұмысқа орналасуға да болатындай. Еліміздегі барлық жастарды ерікті болуға шақырғым келеді. Ерікті болу ешкімге зиян келтірмейді. Керісінше пайда келеді. Халықтың алғысында, халықтың қолдауында болады. Кішкене алғыстың өзі адамға рухани жігер береді. Адам осы үшін де әрі қарай ерікті болып жұмыс жасай бергісі келеді», – дейді ерікті.

«Қайырымдылықтан кейін үйге жаяу барамын»

«Он жеті жастағы қыздың осындай дәрежеде ойлауына не себеп болды деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұның барлығы маған үлкендердің берген алғысы мен батасы. Қайырымдылыққа жақын жандармен шара ұйымдастырғаннан кейін үй жаққа әдейі жаяу барамын. Құлағыма құлаққап салып, әдемі әуен тыңдап ойланып жүремін. Болашағымды, ертеңгі күнімді ойлаймын. Шет мемлекеттегі жастар мен біздің елдің жастарын салыстырамын. Соның арқасында жақсылық десе асығып тұратын, қайырымдылыққа үлес қосқым келіп тұратын дәрежеге жеттім», – дейді «Атырау» волонтерлік тобының мүшесі Айнель Хайроллаева.

Бүгінде Айнельдің достары күн санап артып келеді. Олар волонтерліктің арқасында ешқандай қаражат таппаса да, шынайы көңілмен жұмыс жасайды екен. Қоғамға ерікті түрде пайдасын тигізу оларға жігер беретіндей.

Ақтілек Орынбасарова, арнайы «Тілші» үшін

«Тілші» сайты мен «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының бірлескен «Волонтер қызметі» жобасы MediaCAMP Internews Орта-Азиялық бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі агенттік (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады.

 

 

 

 

10 Comments

  1. Қайырымды болу жақсылық жасау жүректің тазалығында ..адамның асыл затында адамгершілікте тектілікте жатқан бир қасиет.Оған үлкен жүрек керек…Қайырымды болып бирин бири демеп аялап жүргенге не жетсін…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған