
Ақтөбе облысындағы білім саласы былыққа батқан. Мұндағы парақорлардың көптігіне мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін қадағалайытын мекеме басшысының өзі жағасын ұстап отыр. Сондықтан білім басқармасының басшысы Жанат Самұратованы қызметінен қууды ұсынды.
Қайрат Сүнтаев, Ақтөбе облыстық Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:
-Білім басқармасы басшысын қылмыстық жауапқа тартуға болады. 92 қызметкері қылмысқа тартылған адам жұмысынан кетуі тиіс. Бұған дейін Самұратоваға сөгіс те жарияланды.
Шенеунік болса, өзін барынша ақтап әлек. Жемқорлыққа қатысты оқиғаның аудандар мен облыс орталығында болғанын айтады. Ондағыларға тікелей әмірі жүрмейді екен. Есесіне облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың ұлы Максим Чаркиннің қызметінен кеткенін айтып сүйінші сұрады. Чаркин осы мекемеде үш айдай орынбасар болған. Дегенмен басқарма басшысы орынбасарды таныстықпен немесе шенеунік шешесінің ықпалымен алған жоқпын деп отыр. Сол кезде Чаркиннен басқа үміткер болмапты. Басқалары қызметке келерде өтетін сынақтан қорықады дейді Жанат Самұратова.
Жанат Самұратова, Ақтөбе облыстық Білім басқармасының басшысы:
-Қазіргі күні тесттен өту керек. Кейбір азаматтардың тесттен өтуден қиындық туғызады. Сол себептен заңдарды оқу керек. Бәрі заңды оқығысы келмейтін шығар.