Ауғанстан мен Пәкістанда болған жер сілкінісі Ақтөбеде сезіліп, жұртты үрейлендірді

Ауғанстан, Пәкістан және Үндістанда жерінде болған күші 7,7 жер сілкінісі Ақтөбе халқына да сезілген. «Ақтөбеліктер жер сілкінісі сезілді» деп шулап жатыр, ал төтенше жағдай қызметі бұл туралы хабарсыз.

Жер сілкінісінің дүмпулерін биік ғимаратта тұратындар сезген. Күндіз болған жер сілкінісінен кейін Ақтөбедегі 25 қабатты үйдің тұрғындары қорқынышын әлі баса алмай отыр.

«Мен 25 қабатты тұрғын үйдің 16-шы қабатында тұрамын. Түскі сағат үште аспалы шамдар қатты қозғалып, үй ішіндегілер қорқып қалды. Біз жоғарғы қабатта тұрамыз, бұл жағдай туралы еш ақпарат берілген жоқ. Сондықтан қорыққанымызбен күтіп, әліптің артын бағып отырдық. Кейін бәрі басылды», – дейді Ақтөбедегі ең биік 25 қабатты үйдің тұрғыны Константин.

Ақтөбеде сезілген жерасты дүмпулерін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мекемесінің қызметкерлері де растап отыр. Әсіресе жоғары қабатта отырғандар бейне бір әткеншекте отырғандай қозғалыс болды дейді.

«Бізге шамамен түс мезгілінде сезілді. Сыртқа шығыңдар деген дабыл қағылған соң бәріміз түстік. 300-ден аса қызметкер сыртқа шығарылды. 15-20 минуттан кейін бәрі қалыпты деген соң ішке кірдік. Біздің мекеме жер сілкінісіне төзімді құрылыс заттарынан салынған. Сондықтан ғимараттың еш жері бүлінген жоқ», – дейді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ баспасөз хатшысы Ғалия Жолдыбаева.

Ақтөбеде бүгін болған табиғат құбылысынан төтенше жағдай қызметі хабарсыз. Басқарма «өңірде жер сілкінісін тіркейтін, алдын ала болжайтын арнайы құрал мүлде жоқ» деп бейқам отыр. Бүгінгі жерасты дүмпулері бір облыстың төтенше жағдай қызметіне қаншалықты дайын екенін көрсетті дейді тұрғындар.

Еске сала кетсек, көршілес орналасқан Ауғанстан, Пәкістан және Үндістанда күші 7,7 балды құрайтын жер сілкінісі тіркеліп, жерасты дүмпулері Қазақстанның бірнеше қалаларында сезілген.

Nur.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған