Балгер жағалап жүр

Бөлісіңіз

Ақтөбеге жоғарыдан үлкен меймандар келе жатыр дегеннен-ақ жергілікті шенеуніктер балгер-бақсы жағалап кетеді. Бұл туралы аты-жөнін атамауды жөн көрген биліктегі шенділердің бірі жайып салды.

Әсіресе әйелдер жағын жоғары жақта болатын ауыс-түйіс шын алаңдататын болса керек. «Таққа кім келуі мүмкін?», «кресломыз сақтала ма?», деген сарындағы сауалдармен құмалақ салдырып, карта аштырып кетеді.

– Жалпы, болашақта билікте не болатынын білуге әрекеттену – шенеунік әйелдердің қанында бар. Балгерлер де мұндай «клиенттерге» бөлек «ставка» белгілеп қояды. Болжау нысаны неғұрлым «майлы» болса, бағам да соғұрлым жоғары болады, – дейді әңгімелесушіміз.

Оның айтуына қарағанда, құмалақ салдырып, карта ашқызуға нәзік жандылармен қатар ер-азаматтар да ден қоя бастаған сияқты. Олардың қатарында атқару органдарының қызметкерлері ғана емес, ірі бизнесмен азаматтар да бар көрінеді.

– Шенеуніктер де адам баласы. Балгер-бақсының айтып бергеніне сенетіндер бар. Отбасында не болатынын, жұмыста не тосып тұрғанын білгісі келеді. Қызмет бабында нендей жаңалықтар болатынын, не жұмыссыз қалатынын білгенді жөн көреді, – дейді біз сөзге тартқан шенеунік. – Өз басым бір-екі рет жолығамын деп шештім. Бір көріпкел босағадан-ақ «жұмысыңды істе, енді келуші болма» деп қайтарып жіберді. Жұрт сабылып жатқан соң, мен де қызық көріп, бірақ іштей сенім болмай барған шығармын. Кейін есік жағалап, бал ашып беретіндер де шықты деп естідім. Тіпті біздің кеңсеге де бас сұққан. Көбіне мен жұмыс орнында болмай қаламын, кейде жол жүріп кетемін, әйтеуір сәті түспеді. Оның үстіне, болашақты болжау – күнә деп білемін.

Ақтөбелік шенеуніктер елімізде де, шет мемлекеттерде аты шыққан балгерлерге барғанды жөн көреді. Кейде танымал құмалақшылар қалаға өздері келіп жатады. Әрине, қызметтерін жоғары бағалайды.

– Бірде ақшасын, бірде құжаттарын жоғалтып ала беретін шенеунік бар. Оны жеке балгері деп те айтуға болады. Телефон шалып, сұрап жатады. Бір қызығы, ұялы байланыс арқылы жоғалтқан дүниесінің қайда жатқанына дейін айтып беретін көрінеді. Қысқасы, көмегі тиеді, – дейді сұхбаттасуышымыз.

– Жағдайды жақсы жолға бұрып бергені үшін де қызмет ақысы жоғарылай түспек. Ертеректе танысым балгерге 5 мың теңге ұстатып кететін болса керек. Кейін әлгі көріпкел «ставкасының» екі есеге артқанын айтып, айды аспанға бір-ақ шығарған. Сөйтсе, үй салып, жағдайын түзеп алған балгер қызметіне де бағаны жоғарылатып жіберіпті.

Ақтөбеде, шенеунік әйелдің айтуынша, жас көріпкел бар. Кейбір шенділер соның тұрақты «клиенті» деседі. Қандай да бір шешім қабылдарда, құжатқа қол қоярда әлгімен ақылдасады екен.

Асқар Ақтілеу, «Жас қазақ»

 

You May Also Like

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Перейти к верхней панели