Әйелдер мерекесі қарсаңында Ақтөбе мешітіндегі қыз-келіншектер де гүл алды

Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша әйелдер-қыздар секторының ұйымдастыруымен тәрбиелік бағытта отырыс өтті, деп хабарлайды «Тілші» облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оған ақ жаулықты әжелер мен апалар, ару қыздар қатысып, шараның ұйымдастырылуына мешіттің әйелдерге арналған діни сауат ашу курсының шәкірттері белсенді атсалысты.

Шара басында қалалық «Досжан хазірет» мешітінің ұстазы Ақжарқын Жілісбаева «Ата-анаға құрмет» тақырыбында уағыз жүргізіп, ата-анамен жақсы қарым-қатынаста болу, оларға «түһ» деп те кейіс білдірмеу, құрметтеу, қартайғанда қызметін қылу – перзенттің парызы екендігін айтты. «Алланың ашуы – ата-ананың ашуында екендігін» айтып, жұмақтан дәмелі жан ата-анасының разылығын алуы керектігін жеткізді.

Баспасөз қызметінен хабарлағандай, дастархан басында дәмнен ауыз тидіріп, аға буын мен кіші буын арасында жүрген жылы сұхбатта сыйлықтар да болды. Мешіт шәкірттері жасы үлкен әжелер мен ұстаздарға хош иісті гүлдер сыйлап, оларды ерекше қуантты. Тамаша отырыстан жасы кішілер үлкендердің бата-тілегін алып, зор алғыстарына бөленіп тарқасты.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған