Қандыағаштан кеткен қыз Гүлбанудың Сириядағы сергелдеңі

Сырт көзге Қандыағаш шағын қала көрінеді. Тұрғындары беймарал. Әрқайсысы өз әл-дәрменінше нанын тауып, бала-шағасын өсіріп отыр. Атынан адам қорқатын бір кезде. Жастары аудан-ауданға бөлініп, өзара есеп айырысып жататын.

«Қазақ ауылы» мен «Финляндия», СМП мен «Жастар» ықшамауданының бұзақылары қаланы екіге бөліп тұрған сайдың маңында өзара «майданға» шығады ара-тұра. Қыздар да қалыспайды кейде. Бірі ауруханаға түседі, екінші бірі ауыр соққыдан көз жұмып жатады. Сонау Кеңес үкіметінің кезінде де осындай бассыздық болды. Тәуелсіздік алған 90-жылдары да осы көрініс жалғасып жатты. Соның өзінде жергілікті халықтың бойында алып бара жатқан үрей байқалмайтын сияқты көрінетін.
Заман өзгерді. Адам да өзгерді. Бұрынғы қанды қақтығыс, болмашы дүние үшін болатын төбелес әлі де бар шығар. Дегенмен, бүгінгінің қорқынышы дін жолына түскен жастардан болып тұрған сияқты.
Ақтөбе облысы ғана емес, күллі батыс өңірі бойынша, тіпті ел аумағында алғашқы шолақ балақты, тұмшаланып алатындар Қандыағаш көшелерінен байқалды. Діни элементі бар келіспеушілік те осы топырақта басталды. Ресми түрде лаңкестік әрекетпен танылмаса да, құқық Қандыағаштан кеткен қызқорғаушылар мен сақалдылар арасындағы алғашқы қақтығыс дәл осы Қандыағаш стансасының бойында болды.
Шағын қала тұрғындары мұның бәріне бой алдыра бастаса керек. Көшеде қаптаған діндармен қоғамдық көлікте бірге отырудан да сескенбейтін болды. Сауда орындарында да ұзын кезекте бірге тұра береді. Өйтпегенде қайда барады. Бәрі бір қаланың тұрғыны. Бірін болмаса бірін таниды.
Жақын жердегі Шұбарқұдық ауылындағы зират қиратылды. Санаулы жыл бұрын Кеңқияқ пен Шұбарши ауылында құқық қорғау органы өкілдерімен болған бірнеше күн атыс-тартыс салдарынан екі тараптан да көз жұмғандар аз болмады. Облыс орталығында да атыс-жарылыс жалғаса берді. Сол жылдары, тіпті қалада жер-жерде жарылыс болыпты деген қауесет қала халқының зәресін ұшыратын халге жеттік…
Бәрін айт та бірін айт, бүгінгінің өзекті мәселесі – Сириядағы соғыс. «Ислам мемлекеті» атын жамылған құрылым туралы баспасөз бетінен жиі естісек те, дәл біздің кішкентай Қандыағаштың оған қатысы болады-ау деген ой келмеді.
Еліміздің түпкір-түпкірінен «Сирияға кетіп қалыпты» дегенді естігенде «не масқара» дестік. Ал Ақтөбеге тиіп тұрған аудан орталығынан «Сирия соғысы үшін жауынгерлер аттаныпты, тіпті жыныстық жиһадқа кетті» дегенді естігенде үрейлі халық есеңгіреп қалды.
Бұл күндері Қандыағаш халқын 20 жастағы келіншек Гүлбану Асанованың тағдыры алаңдатып отыр. Айдың-күннің аманында ата-анасын, жолдасы мен кішкентай нәрестесін тастап, Сирия асып кеткен. Қыздарының шекара асып кеткенін ата-анасы оның жазған хатынан біледі. «Ақгүлім сіздерге аманат. Сирияға кетіп барамын. Мені іздемеңдер. Өлдіге санаңдар. Гүлбану» – депті хатында.
Бастапқыда ана байғұс сене алмады. Тек кейін үйге құзырлы орган өкілі келіп, тергеу жұмысын жүргізе бастағанда ақ жаулықты ананың қызынан тірідей айырылғанына көзі жетті. Бірақ көнбеске амалы жоқ-ты. Ана жүрегі балапанының үйіне оралатынына сенімді. Дегенмен, жағдай ушығып тұрған Сириядан оның қалай аман-сау шығатынын ойласа, екі көзі жасқа толады.
Гүлшат Имашева «Сирияға кетерінің алдында Гүлбану жолдасынан ажырасты. «Қалаға (Ақтөбеге) барып қайтамын» деп кеткен. Содан біржола кетіп қалды. Бір жарым жастағы баласын қалай көзі қиып тастап кетті екен? Ең алғаш оны да алып кетпек болып, құжат әзірлемек болыпты. Не болғанын білмейміз, сәбиді тастап кетті», – деп зар жылайды.
Гүлбанумен жақын араласқан құрбыларының айтуынша, ол ашық, жарқын жан болса керек. Ер мінезді, артық сөзі жоқ. Үй шаруасындағы анау-мынау ауыр жұмысты ер-жігітше дөңгелетіп әкететін болған. Мектепте де, колледжде де қоғамдық шараларға белсенді түрде атсалысып келген. 17 жасында болашақ жарымен танысады. Ата-анасының қарсылығына қарамастан, намазхан жігітпен бас қосады. Күйеуге тиген соң, оранып жүруді шығарады.
Жолдасы Мақсұт Дәуренбек (өзінің өтініші бойынша есімі өзгертілді) бүгінде сауда-саттықпен айналысады. Мүмкіндігінше зайыбы туралы ойламайтынын, оған тіпті жаны ашымайтынын айтып сендіруге тырысты. Әйтеуір кішкентай Ақгүліне қарасып, әкелік парызын өтеп жүрген жайы бар. Сөз арасында Гүлбанумен көктемде ажырасқанын да тілге тиек етті. Болған жағдайға өзінің де кінәсі барын мойындаған ол тұрақты баспана мен жұмысының болмағанын айтып қынжылыс танытады. Әрі келіншегі ата-енесімен бір шаңырақтың астында тұрғысы келмегенін айтып, қиқар мінез танытқан сияқты.
Гүлбанудың бұрынғы күйеуі «Гүлбану ара-тұра анасына қоңырау шалып, кішкентай Ақгүлінің суретін жіберуін сұраған. Әр қоңырау шалғанда, Қандыағаштан кеткен қызарғы жағында бәзбіреудің асықтырып тұрғаны байқалады. Елден кеткелі үйіне 4-рет хабарласыпты. Айтуынша, Сирияда медициналық-санитарлық бөлімде қызмет ететін көрінеді», – деді.
Гүлшат Имашева «Қай ата-ана баласын жамандыққа қисын? Не болса да, құлынымыздың елге, үйге аман-есен оралғанын Құдайдан жалбарынып, тілеп отырмыз», – деп жылады.
Бауыр еті баласынан айырылған ана елдің әңгімесіне құлақ асқысы жоқ. Керісінше, басыма түскен қиыншылыққа қарап, өзге ата-аналар өз балаларына дұрыстап қараса екен деген тілек айтады.
Бұл шағын ғана Қандыағаштағы болып жатқан жайт. Бүгінде сот залында да сақалдыларға қатысты отырыс жиі өтіп тұрады. Ал мұның түп-тамыры қайдан шықты. О баста жағдайды кімдер ушықтырды? Жергілікті билік органы мен құзырға құрылым ай қарап отырды ма? Ол жағы белгісіз. Алғашқы атыс-жарылыс, «секс-жиһад» пен «халал жезөкшелік» ұзақ жыл бойғы енжар жұмыстың нәтижесі емей немене? Бір анығы, осы жағдай басталғанға дейін билік органы діни ахуалды тұрақты дегеннен танбай келді… Қағаз жүзінде болса да, жұмыссыздардың деңгейі өте төмен болды. Ресми түрде «өлке көркейіп, гүлденіп» жатты. «Экономика қарыштап», әлеуметтік бағытта «қыруар іс тындырылды». Жастар саясаты аясында есеп үшін өткізіліп жатқан «жасыл жапырақ», «жасыл шөп» дегенге ұқсас көшеде арам шөп жұлудан әріге аспайтын акция-флешмобтан кенде болған жоқпыз. Шын мәселеге алаңдаушылық танытқан ешкім болмағаны анық. Ал енді нағыз «арам шөпті» жұлуға кеш…

Асқар Ақтілеу

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған