Ақтөбелік имам оқу орындарындағы «білімі таяз» қызметкерлерді орамал таққан студенттермен дұрыс мәмілеге келуге шақырды

Ақтөбедегі облыстық «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспан оқу орындарындағы «білімі таяз» қызметкерлерді орамал тағатын студенттерге түсіністікпен қарауға шақырды, деп хабарлайды «Тілші». Білім беру мекемелеріндегі ішкі ережелерді желеу еткен оқытушылар, бас имамның пайымынша, кей жағдайда «шаш ал десе, бас алады».

Айта кетейік, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті филология факультетінің студенттерімен болған кездесуде бас имамға орамалға қатысты сауал келіп түскен болатын.

«Орамал тағу Аллаһтан парыз болып келген. Алайда, басқа мәселе жоқтай, барлығын бір мәселеге теліп қойған дұрыс емес. Орамал тағудан басқа да парыз көп. Ислам тек бес парызбен шектеліп қалмайды ғой»,  –  дейді ол.

Дегенмен, бас имам қыз балалардың басындағы орамалдың тұрпайы болмау керектігін де ескертті. Ең болмағанда ғаламторға кіріп, орамалды қалай әдемілеп тағуды үйренуге болатынын да жеткізді.

«Әрине, кейде «шаш ал десе, бас алатын» жағдайлар болып тұрады. Білімі таяз қызметкерлер немесе оқытушылар тарапынан кейде артық әрекеттерге жол беріліп жатады. Алайда, білім беруші мен білім алушы арасындағы мәселені дұрыс мәмілемен шешуге болады ғой. Оған түсіністікпен қарау керек», – деді Төлеби Оспан.

Марат Төлепберген, «Тілші»

фото: Gazeta.ru

 

2 Comments

  1. БАС ИМАМ ОҚЫТУШЫЛАРДЫҢ «БІЛІМІ ТАЯЗ» ДЕГЕН СӨЗДІ АЙТҚАН ЖОҚ!

    «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі 5-ақпан күні http://www.tilshi.kz сайтында жарияланған «Ақтөбелік имам оқу орындарындағы «білімі таяз» қызметкерлерді орамал таққан студенттермен дұрыс мәмілеге келуге шақырды» тақырыбындағы ақпаратқа қатысты мынадай мәлімдеме жасайды:

    Ақпаратта көрсетілгендей, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті филология факультетінің студенттерімен болған аталмыш кездесуге «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспанның қатысып, студенттер тарапынан орамал төңірегінде жолданған сауалға жауап бергендігі рас. Алайда, ол ұстаздардың «білімі таяз» яки «сауатсыз» деген сөзді айтқан жоқ.

    Орамалға қатысты келіп түскен сауалға жауап берген имам өз сөзінде «ҚМДБ-ның мектептегі киім үлгісіне қатысты ұстанымын» басшылыққа ала отырып, жауап берді. Яғни, ұстанымда көрсетілгендей, «мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындарының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырды». Мұсылман мойнындағы қырық парыздың бірі – білім алу екендігін ескерте отырып, ЕЛ ЗАҢНАМАЛАРЫНА СӘЙКЕС БАЛАЛАРЫМЫЗДЫҢ БІЛІМ АЛУҒА МІНДЕТТІ ЕКЕНДІКТЕРІН, сондай-ақ, ӨЗДЕРІ БІЛІМ АЛЫП ЖАТҚАН ОҚУ ОРНЫНЫҢ ІШКІ ТАЛАПТАРЫНА БАҒЫНУЛАРЫ КЕРЕКТІГІН баса айтты. Қос тарапты да сабырға келуге шақырды.

    Сондай-ақ, ҚМДБ мәлімдемесінде айтылғандай, балиғат жасына толмаған қыздың орамал тағуын шариғатымыз талап етпейтіндігін және ата-ана кішкентай бүлдіршінді әлі міндет болмаған орамал үшін парыз болған білім алудан тыймауы тиіс екендігін жеткізді.

    Ал, оқытушылардың кейбірі бұл мәселеде баланың ата-анасымен бірлесе отырып, ортақ мәмілеге, түсіністікке келудің орнына оны шектен тыс ушықтырып жіберетіндігін ғана айтты. Алайда оқу орындарының қызметкерлеріне тікелей «білімі таяз» немесе «сауатсыз» деген сөз айтылған жоқ.

    Керісінше, орамал тағуға ниеттенген қарындастарына орамалды дәстүр негізінде өз сәнімен, жүзіне жарастыра отырып тағуға кеңес берді. Бірбеткейлікке салынып, бетін бүркемелеп алатын, қазақы салтымызда еш негізі жоқ – қара жамылуды әдет еткен әпке-қарындастарына бұл қылықтарының асыра сілтеушілік қана екендігін жеткізді.
    Жоқ жерден шу жасап, имамның айтпаған сөзін айттыға шығару – ел мүддесін, ынтымақ-бірлігін ойлаған адамның әрекеті емес екендігі айдан анық. Алла Тағала жар болсын!

    Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған