Сапарбаев саман мен қамыстан салынған мектептердің орнына жаңа мектептер тұрғызылатынын жеткізді

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары үш ауысыммен оқиды. Мәселені Ұлттық қор есебінен Алға, Қобда, Мәртөк, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласында 1840 орындық 4 мектеп пен 5760 орындық 11 мектеп салу арқылы шешу жоспарлануда.

Облыстық әкімдікте өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста Ақтөбе облысы білім басқармасының 2016 жылы атқарған қызметі мен 2017 жылға алған тапсырмалары талқыланды.

Алдағы екі жылда проблемалық мектептерді жою бойынша кезеңдік жұмыс жалғасатын болады, осы жылдың өзінде саманнан, ағаштан және қамыстан салынған оқу орындарының орнына 5 жаңа мектеп (Ойыл, Ырғыз, Шалқар, Ақтөбе) тұрғызу көзделуде.

2017-2020 жылдары оқушылардың білім сапасын жақсарту үшін 11 бастауыш мектепті жауып, 13-ін қайта ұйымдастыру жоспарлануда. Мектептерді оңтайландыру мектеп жанынан интернат ашуды талап етеді. Облыста мектеп жанындағы 29 интернат жұмыс жасаса да әлі де қосымша 11 интернат салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттама жасалып, Әйтеке би ауданындағы Қарабұтақ ауылында, Мұғалжар ауданының Ақкемер ауылында және Алға ауданының Алға қаласында барлығы 3 интернат салынбақ.

Басқарма басшысы Сәуле Өмірбекова білім саласының бюджеті 2016 жылы 66,8 млрд теңгені құрағанын айтты. 3,4 млрд теңгеге 102 нысанға күрделі жөндеу жүргізіліп, 13 білім нысандарының құрылысына тағы 4,7 млрд теңге бөлінді. Мектепке дейінгі білім беруді дамытуға қатысты мәселелер шешімін табуда. Облыста 559 балабақша мен шағын орталықтар жұмыс жасаса, соңғы жылдың өзінде 4655 орындық 41 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде балабақшаларда орынмен қамтамасыз ету 92% құрады. Ағымдағы жылы 5020 орынға арналған 29 балабақша ашу жоспарланса, оның 2900 орынға арналған 17-сі Ақтөбеде жұмыс жасайтын болады.

Облыс әкімі басқарманың аудандардағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында ашқан мектепке дейінгі мекемелеріне көңілі толмайтынын жеткізді.

«Неге 2016 жылы 41, ал ағымдағы жылы 29 балабақша ашылады? Аталмыш мәселені шешуде аудан әкімдерімен және кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс жасауды күшейту керек. Облыстың көптеген аудандарында мемлекеттік-жеке серіктестік аясында бірде бір мектепке дейінгі мекеме ашылмаған», – деді облыс басшысы Бердібек Сапарбаев облыстың «бас педагогі» Сәуле Өмірбековаға қарап.

Жаңа мектептер құрылысына, оқу орындарының материалдық-техникалық базасына байланысты сауалдар өзекті болып қала береді. Қазіргі таңда 129 мың оқушы 415 орта мектепте білім алып келеді. 2016 жылы 2420 орындық 6 жаңа мектеп пайдалануға берілмек.

«Бізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту мүмкіндігі мол, кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсетуге дайын, алайда, аталмыш механизм кешеуілдеп дамып келеді», – деді өңір басшысы.

Марат Төлепберген, «Тілші»

1 Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған