Бердібек Сапарбаевтың бастамасы балаңыздың кітап кейіпкеріне айналуына септігін тигізбек

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев балалар әдебиетінің елімізде кездесе бермейтін ерекше түріне қаржы құймақ, деп хабарлайды «Тілші» интернет-газеті.

Облыс басшысының бастамасы туралы көршілес Ресейдің баспасөзінен білдік. Таяуда көрші мемлекетке сапары барысында Бердібек Машбекұлы «Мен жайлы кітап» («My name book») атты жобаға 10 миллион рубль көлемінде қаражат бөлуге даяр екенін білдірген.

Әзірге нақты мәлімет жоқтың қасы. Дегенмен, там-тұмдап жиналған мәліметтерге сүйенсек, Ақтөбе облысының басшысы көрші мемлекеттегі балаларға арналған, әрі әр бала кейіпкері бола алатын кітап баспасына қатысты жобаны халықаралық деңгейде өткізу жөнінде бастама көтерген екен.

Ресей басылымдарының хабарлауынша, Бердібек Сапарбаев «Мен жайлы кітап» жобасына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген, әрі келесі жылы жалғасатын жобаға қатысуға ниетті екенін де жасырмапты.

«Тілшіде» бар мәліметтерге сүйенсек, «Мен жайлы кітап» («My name book») жобасы аясында кез келген балаға тек өзіне арналған жеке кітап шығарып беруге болады. Онда баланың есімі көрсетіледі, әрі мұндай кітап тек бір данамен шығарылады.

Кітап кейіпкеріне айналған бала өзі туралы ата-анасымен бірлесе оқиды. Бала өзін ертегі кейіпкерлері арасында сезініп, олармен бірге қызықты оқиғаларды бастан өткереді.

Айта кетейік, мұндай жоба Ресейде бұрыннан бар. Ата-аналар интернет-дүкендерге жолығып, өз баласы туралы жекеленген кітап жаздыртып беру жөнінде тапсырыс та жасай алады екен.

Бердібек Сапарбаевтың бастамасы ойдағыдай жүзеге асырылса, ақтөбелік ата-аналар да өз балалары жайлы кітаптарға тапсырыс жасатуы мүмкін.

Марат Төлепберген, «Тілші»

фото: everything.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған