Ақтөбе театралдары «Сапарбаевтың темпіне» ілесе алмай келеді

Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театры биыл рекорд жаңартты. Бір жылда республикалық деңгейдегі үш шараны өткізді. Жыл басталғалы бері бұрын болмаған темппен жұмыс жасап келеді. Өнерсүйер қауым қойылым санынан шатасып, премьераларға үлгермей жатыр. Бұрын, жасыратыны жоқ, ерікті-мәжбүрлі түрде оқу орындарының оқушылары мен студенттерін жинайтын болса, осы жылы қарапайым халық, оның ішінде мал базарлары мен сауда орындарынан да адамдар ағылуда.

«Әртістерімізге ауыртпалық түседі. Әсіресе, басты рөлдегі актерларға алаңдаймыз. Дауыстарын күтсін деп, бір-екі күнге демалыс береміз де, орнына екінші құрамды шығаратын болдық. «Есігімді қаққан кім?» қойылымы, әрине, хит болды. Оны 20 күнде әзірлеп үлгердік. Ал, санаулы күн бұрын премьерасы өткен «Ханша-Дарияны» небары 9 күнде сахнаға алып шығыппыз», – дейді драма театрының директоры Нұрлыбек Жұбатқан «Тілшіге» берген сұхбатында.

Бұл ретте, жақсы сапалы дүние шығару үшін театр басшысы кемі 1,5 ай, кейде тіпті, 2-3 ай уақыт керегін айтады. Дегенмен, аз уақыт бұрын театр басшылығына келген әртіс Жұбатқан бұрын-соңды болмаған реформалар жасап үлгерді.

«Осы күндері «Екі езу» труппасы бір қойылым әзірлеп жатыр. Жыл соңына дейін тағы бір ертегі дайындауымыз керек. Бастысы, осы темппен жұмыс жасай беруіміз керек», – дейді ол «Тілшіге» берген сұхбатында.

Нұрлыбек Жұбатқанның айтуынша, драма театры ұжымын бүгінде облыс аудандары да шақыртып жатқанға ұқсайды.

«Әзірге Хромтау ауданында өнер көрсеттік. Амандық болса, Кеңқияқ ауылына, Шалқар қаласына барып, көрермендермен жүздессек дейміз. «Есігімді қаққан кім?» қойылымы өзекті тақырыпты қозғайтын болған соң, жер-жерде сұраныс артты, шақыртулар да көп», – дейді театр басшысы.

Өткен аптада Ақтөбеге сапары аясында еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов Ақтөбе театры әзірлеген бұл қойылымды барлық оқу орындарына барып қою керектігін ұсынған болатын. Соған қарағанда, театралдарға алдағы жақын уақытта тыным болмайтын секілді.

Кейбір өнер адамдарының айтуларынша, театрдың ерекше белсенділікпен жұмыс жасауына облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың да бірқатар бастама көтеруі себеп болғанға ұқсайды.

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

фото: «Азаттық»

 

1 Comment

  1. Осы біздің театр труппасынның бұрынғы еткен еңбегін жоққа шығаруды адетке айналдырыпсыздар ! Біздің қазақ театрына биыл 25 жыл , соның 24 жылында еңбек етіп келем.Біз биыл ғана емес бұндай темппен жұмыс жасап жүргеніміз.Бір-ақ мысал обылыстағы ЮНЕСКА көлемінде өткен Алия апамыздың тойы, Ұлы Жеңістің 60 жылдығы , Қобыланды атамыздың тойыларында өнер көрсетіп жүріп өзіміздің қойылымдарымызды қойып үлгеретінбіз.Тек бізде «Есігіңді қаққан кім ?» Хит болған жоқ талай спектаклдеріміз хит болған!Көрерменді қуып акелетін еді бұрын дегенге қосылмаймын. Біз 4 сеанстан спектакльдер ойнағанбыз, арі ойнап келеміз!Театрдың бұрынғы еңбегін жоққа шығару -артістердің сахнадағы маңдай терін төгіп, еткен еңбегін жоққа шығару! Айта берсем əңгіме көп! Сұхбат алғанда жастығын , жанын,күнін,түнін осы сахнаға театрға арнаған шығармашылық адамдардан неге алмайсыңдар? Темпке ілесе алмай келе жатыр деген не сөз! Өнерде сан емес , сапа көркедік дүние керек.Біз завод, фабрика емеспіз го, жылына планды артық орындап мезгілінен бұрын шикізат өндірдік деп мақтанатын! Əрине театрға обылыс əкімінің көңіл бөлгеніне қуанамыз!Əттең бұрынғы дүниелерімізді көріп осындай қөніл бөлгенде талай театрлардың алдын орайтын едік.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған