Ауылда зәбір көрген жас дәрігердің жағдайы орташа ауыр – бас дәрігер

Осыдан бір апта бұрын Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданындағы ауылдық амбулаторияда жұмыс істейтін дәрігерді зорлап кеткен болатын. Қазір науқас облыстық жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатыр. Жағдайы орташа ауыр. Бас дәрігер Рақымжан Арыстанның айтуынша, жәбірленушінің тісі сынып қалған. Күдікті оны қылқындырып, аяусыз зорлық көрсеткен, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

«Зәбір көрген дәрігер туралы ақпарат құпия сақталады. Біз қазір оны емдеп жатырмыз. Қажетті медициналық көмек көрсету үшін 19 қыркүйек күні оны облыс орталығына жеткізді. Оны аяусыз ұрған, қылғындырып, тісін сындырған. Астыңғы тістері мүлде жоқ. Жағдайы орташа ауыр. Мұнан өзге ақпаратты айта алмаймыз»,- деді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстан.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында ауылға барған дәрігерді зорлаған күдікті қамауға алынды. Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен іс қозғалды.
«Әйтеке би ауданындағы ауылда болған оқиғаға байланысты тергеу жұмыстары басталды. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен іс қозғалды. Күдікті ұсталып, ол уақытша тергеу изоляторына қамалды», – дейді Әйтеке би аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Ардақ Исмаилов. Егер күдіктінің қылмысы дәлелденсе, ол 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған