Танымал әнші Светлана Айтбаева Ақтөбенің киім брендін қалыптастырмақ — TilshiNews

Танымал әнші Светлана Айтбаева Ақтөбенің киім брендін қалыптастырмақ

Әнші-сазгер Қанат Айтбаевтың жары, елімізге танымал әнші, облыстық мәслихаттың депутаты Светлана Айтбаева «Dimash RM» киімдер желісін әзірлеп жатыр. Әзірге дайындық жұмыстары жүріп жатқанымен, әнші болашақ киімдер үлгісінің логотипін инстаграмдағы парақшасына жүктеп үлгерді, деп хабарлайды «Тілші».

Рас, бүгінде қызу дайындық жүріп жатыр. Осы істі бастаймын деп отырғанда, шетелге жол жүріп кеттім де, шаруаларым кішкене тоқтап қалды. Бұйырса, бір-екі аптаның ішінде киім алаңында қолға алғалы отырған жобаларымызбен таныстырамыз. Әзірге, киім үлгілерін жинақтап үлгере алмай жатырмыз. Киімдер тігілген бойда қолды болып кетіп жатыр. Өйткені, қолжетімді баға белгілеп қойғанбыз, – дейді өзін жаңа бағытта сынап жатқан әнші Светлана Айтбаева «Тілшіге» берген сұхбатында.

IMG-20160801-WA0083Ақтөбеде «Dimash RM» желісінің әзірге бір орны бар, қаладағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан.

– Бұрын киімді неге Түркиядан, Қытайдан тасымалдаймыз, қырғыздарыңның өзі текстильмен елге қыруар қаражат түсіріп отыр, ал біз неге өзімізден шығармаймыз деген ойлар мазалайтын. Еліміздегі жеңіл өнеркәсіп саласы тұтынушылар қажеттілігінің 9 пайызын ғана қамтамасыз етіп отыр дегенді естігенде таңқалдым, – дейді әнші.

IMG-20160801-WA0072

Светлана Айтбаева жиырма жылдан астам уақыт өнерге еңбегін сіңіріп келеді. Облыстық филармония құрылғалы сонда өнер көрсетіп жүр. Қанат пен Света Айтбаевтар отбасының тұңғышы Димаш Құдайберген бүгінде халықаралық байқауларда топ жарып, үлкен сахналарда Қазақстанның атын шығарып жүр.

Біздің Димашымыз – өнерге қосқан үлесіміз шығар. Енді жеңіл өнеркәсіпте де бағымызды сынап көргіміз келеді. Оның үстіне, бүгінде облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың өзі де «Ақтөбеден қандай өнім шығаруға болады» деп күнде айтып келеді. Шамамыз келгенше біз де үлес қосқымыз келеді, – дейді Светлана Айтбаева.

«Dimash RM» атауы – өнерлі отбасының тұңғышы Димаштың есімімен қойылғаны түсінікті. Ал, RM әрпі Димаштың інісі мен қарындасы Раушан мен Мансұрдың есімдерінің алғашқы әріптері болса керек.IMG-20160801-WA0071 Осы атаумен киімнің түрлі үлгілері тігіліп жатыр. Шағын тігінханада бүгінде 4-5 тігінші күндіз-түні жұмыс жасап келеді.

– Кейде, біреулер іс бастаса, өзге тараптан көмек көрсетіп жатқан ғой деп айтып жатады. Бірден айта кетейін, біз үкіметтен де, басқа жақтан да қаражат алмадық. Өз қаражатымызды салып, осы істі бастап жатырмыз. Алдағы уақытта ұлттық нақышта, күнделікті киюге келетін классикалық киім үлгілерін ұсынғымыз келеді, – дейді әнші.

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған