Сәнияның «сіңлілерін» ренжіткен кімдер?

Сапарбаев Ойыл ауданының әйел әкімін ренжіткен шенеуніктерге шүйлікті.

Таяуда Ақтөбе облысының Ойыл ауданына əкім болып Бұлбұл Күзембаева тағайындалған болатын. Ауданды әйел адам билейді деді ме, шенеуніктер арасында келіспеушілік туындаған секілді. Кезекті отырыстардың бірінде Ақтөбе облысының әкімі әйел адамның ел билеуге қатысты шенеуніктердің ойларына қатысты өз пікірін білдірді.

– Енді жастарды қойып жатырмыз. Оларға мүмкіндік беруіміз керек. Қыздар да билеу керек. Қараңыздаршы, Сәния Мұсақызы (Қалдығұлова, Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы – «Тілші») қандай абыройлы, қанша жылдан бері осы облыстың басшылығында жүр. Сәнияның сіңлілері де (қызметте – авт.) көтерілуі керек, – деді облыс басшысы.

Бердібек Сапарбаев Бұлбұл Күзембаеваның билікке келгеніне қатысты қаңқу сөз айтқандарға шүйліккен секілді.

– «Ойбай, мына қызды неге қойды» деп шулап жатырмыз. «Ол қыз не істей алады, қолынан не келеді» дейміз. Кешегіде Ойылда болғанымда осы жөнінде айттым. Осы жерде отырған азаматтарға «араларыңызға бір қазақтың қызы келді, оны қолдаңыздар» дедім. Осы қыздың жаманын жасырып, жақсысын асырыңыздар. Қолдау танытып, көмектессеңіздер, ертең (жақсы әкім болып – «Тілші») əлі-ақ шығады… Егер дұрыс жұмыс істемей жатса, тағы да көре жатармыз» – деді Сапарбаев.

Айта кетейік, Ойыл ауданына әкім болып тағайындалғанға дейін Бұлбұл Күзембаева Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 1978 жылы дүгниеге келген. Жоғары білімді, 2000 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Музыка мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын №2 Мәртөк орта мектебінде ән сабағының мұғалімі қызметінен бастаған. 2003-2007 жылдар аралығында мектеп директоры қызметін атқарады, 2007 – 2010 жылдары – Мәртөк аудандық мәдениет және тілдерді басқару бөлдімінің басшысы. 2010-2011 жылдары Ақтөбе облысы балаларды қорғау департаментінде бөлім басшысы қызметін атқарды, 2011 жылдың қыркүйегінен бері Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды.

Марат Төлепберген, Ақтөбе

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған