Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған автошеру Ақтөбеге жетті

Қырғызстан мен еліміздің бірнеше қаласын аралап үлгерген автошеру бүгін Ақтөбеге жетті. Ауған соғысының ардагерлері мен қоғам қайраткерлерінен құралған топ «Мәңгілік ел» идеясын насихаттап, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге жолға шыққан.  Шеру Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Әлия Молдағұлова мемориалдық кешеніне бүгін ардагерлер мен мектеп лагерьлерінде тынығып жүрген оқушылар жиналды. Кейін бұл топқа Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мен соғыс басталған жылдары жасақталған әскери құрамалар, әскери бөлімшелердің құрылғанына 75 жыл толу құрметіне арналған автошеруге қатысушылар қосылды. Олардың қатарында тарихшылар, ауған соғысының ардагері, генерал Марат Марденов, Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова да бар. Бұл азаматтар ел жастарына партиоттық тәрбие беріп, «Мәңгілік ел» идеясын нығайту мақсатында жолға шыққан.

«Біз Қырғызстан елінде, Қазақстанның Тараз, Шымкент, Қызылорда қалалары мен Қазалыда болдық. Барлық жерде оқушылармен, жастармен кездесіп, соғыс жылдары ерлігімен есте қалған батырлар туралы тарихи деректерді айтып келеміз. Бұл біздің міндетіміз»,- дейді Астана қалалық ауған соғысы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары Ғалы Бисекеев.

Айта кетейік, соғыс жылдары Ақтөбеде 312-атқыштар дивизиясы құрылды. Құрамында 12 мыңнан астам жауынгері бар дивизия Мәскеуді қорғау тапсырмасыз мүлтіксіз орындаған. Сөйтіп, 10 күнде 11 мыңнан астам адам Отанын қорғап, оққа ұшты. Генерал Марат Марденовтың айтуынша, белгісіз жауынгерлер болмайды. Себебі, бүгінгі ұрпақтың әрқайсының бойында сол батырлардың қаны бар. Есте сақтау, үлгі тұту, тағзым ету, сөйтіп алғыс айту барша адамзаттың парызы. Бүгін олар сол парызды өтіп, Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл қойды. «Нұр Отан» партиясы мен «Генералдар кеңесі» бірлестігі ұйымдастырған «Ұлы дала азаматтары» акциясы шеңберінде олар Әлия Молдағұлованың мұражайына барып, №6655 әскери бөлімінде кездесу өткізді. Астана күніне дәл түскен автошеру бүгін Ақтөбе мен Қостанай қалалары арқылы жүріп өтеді. +

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған