
Ақтөбе ферроқорытпа зауытында таңнан бастап қазан толы наурыз-көже асылды. Зауыт басқармасының алдында дәмді дастарханы жайылған екі бірдей киіз үй тігілді.
«Тәп-тәтті бауырсақ» байқауында зауыттықтар бауырсақ пен ұлыс дәмі — наурыз-көжені дайындаудан сынға түсіп үлгерді. Жұмысшылар ұлттық спорттың бірнеше түрінен — асық ату, арқан тартыс және қой көтеруден жарысты.
Еңбектің көрігін қыздырып жатқан №2 балқыту цехының балқытушылары үзіліс кезінде жұмыс киімдерімен мерекелік алаңға келіп, арқан тартысқа қатысып, жеңімпаз атанып кетті.
Наурыз мерекесі Хромтау төрінде де зор ықыласпен тойланды. Мерекелік шаралар таңертеңгі сағат 10-да басталды. Мерекенің бас ордасы болған орталық алаңда 14 киіз үй мен алтыбақан құрылып, наурыз-думан кең көлемде өтті.
Шара барысында ең әдемі киіз үй анықталып, Дөң тау-кен байыту комбинатының сән салтанаты жарасқан ағаш үйі жайылған кең дастарханымен ерекшеленіп, аудан бойынша мекемелер арасында екінші орынға ие болды.
Сондай-ақ, «Қазхром» кәсіпорындарында жүріп жатқан қайырымдылық жәрмеңкесі Хромтау қаласында жалғасын тапты. Жәрмеңкеде 40 шақты қолдан жасалған бұйым сатылымға қойылды. Мереке басталысымен-ақ, бір мезетте сауда қызып, барлық заттар сол мезетте өтіп кетті. Түскен қаражаттың барлығы қайырымдылыққа жұмсалатын болады.
Хромтау жұртшылығына кәсіпорын атынан 1200 порция наурыз-көже мен 500 порция палау және 100 келі бауырсақ әзірленді.