Көк жуа бизнесі: Ақтөбеде жылыжайда өскен көкөніс Ташкенттен келетін өнімнің орнын баса ала ма? — TilshiNews

Көк жуа бизнесі: Ақтөбеде жылыжайда өскен көкөніс Ташкенттен келетін өнімнің орнын баса ала ма?

Бүгінде Ақтөбеде көк жуаның 70 пайызы Өзбекстаннан жеткізіледі. Сонау Ташкенттен бір апта – он күнде жеткен көкөністің жағдайы қандай болатынын көз алдыңызға елестете берсеңіз болады.

Нұрсұлтан Мәулен – жас кәсіпкер. Түрлі бағытта бағын сынап көрді. Бірақ, нәпақасын осы күндері көк жуадан айыра бастады. Жаңа жыл алдында жылыжайы алғашқы өнім беріп, шағын кәсібінің әжептәуір игілігін сезіне бастады.

«Әкем жағынан ағам жылыжай жұмысын бастап кете алмай жүрді. Содан бірде қаржы салайын деп қолқа салдым. Ол ескі көлігін сатты, мен бір миллион теңге көлемінде қаржы құйдым. Екеулеп аулада бос тұрған учаскеге жылыжай сала бастадық. Іргетасын құйдық, қабырғасын тұрғыздық. Арнайы сөрелер жасадық», – дейді Нұрсұлтан Мәулен «Тілшіге» берген сұқбатында.

Ағайынды кәсіпкерлер қараша айында алғашқы тұқымды сала бастады. Сонда бар есебі – 20 желтоқсанға дейін өнім алу. Мереке алдында көк жуа дастарханға таптырмас өнім. Оған базарларда, супермаркеттерде сұраныс артады. Оның үстіне, көк жуаны күнделікті ас мәзіріне қолдану да артық болмайды, өйткені, жуаның жұқпалы аурулардың алдын алатын қасиеті бар.

Жылыжай құрылысына, Нұрсұлтанның есебінше, 3 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. 3,5 тонна жуа егілген. Бүгінде күніне орта есеппен 25 келі көк жуа жиналады.  

«Рас, әзірге, өзіміздің жергілікті жуаны егіп жатырмыз. Болашақта голландтық жуа сортын отырғызып, ақырғы өнім мөлшерін көбейткіміз келеді. Голландтық жуаның бірнеше өзегі болса, жергілікті жуада бір, әрі кетсе екі сабақ көктеп шығады. Сәйкесінше, әзірге, салыстырмалы түрде аз өнім жинап жатырмыз», – дейді Нұрсұлтан.

Қаңтар айында жылыжайға жаңа жуа отырғызылады. Тамыры топыраққа тигеннен бастап 28-30 күн дегенде көк жуа 40 сантиметр болып өсіп шығады. Сол кезде оны кесіп, сауда орындарына жеткізе беруге болады. Шамамен ақпан айларының ортасынан ауған кезде жылыжай өнімдері саудаға шығарыла бастайды.

Бүгінде кәсіпкер 120 шақырым жерге жылыжай тұрғызғанын айтады. Дәл қасынан тағы осынша көлемде екінші бокс тұрғызбақ ниетте. Таяу күндері жылыжай жұмысымен танысуға облыс басшысы Ералы Тоғжановтың өзі келіп кеткен екен.

«Амандық болса, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсібімізді ұлғайтқымыз келеді. Көк жуа бизнесінің болашағы бар. Жергілікті, таза, жаңа ғана жұлып алған көк жуаны дастарханға қойған қандай керемет?! Оның үстіне, Өзбекстаннан келетін жуаның үлесін біз бассақ жаман бола ма?», – деген Нұрсұлтан алға қойған жоспарларымен де бөлісуді ұмытпады.

Кәсіпкер бүгінде Алға, Темір, Мұғалжар, Ырғыз аудандарынан шақырту ала бастады. Аудандардағы жергілікті билік жас кәсіпкердің тәжірибесін пайдаланғысы келетін сияқты.

«Таяуда «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Аудандарға қыруар қаражат бөлінеді. Ауылдық жердегі әкімдер ол қаржыны игеру жолдарын осы бастан қамдап жатқан сияқты. Әрине, егер қолдан келсе, мен ауылдық жерде кәсіп бастаймын деген қыз-жігіттермен біліміммен, тәжірибеммен бөлісуге даярмын. Жылыжай құрылысы, жуа өсіру технологиясы, тағы басқа жайттарды теория жағынан емес, практикада көріп жүрмін. Шағын ойым –  осы бизнесімді франшиза ретінде ұсынсам деймін. Үлкен шығынға батпай-ақ, шамалы қаржымен жылыжай салуға болады», – дейді Нұрсұлтан.

Жылыжай иесінің айтуынша, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлер алдында шыққан өнімді сату мәселесі де тұруы мүмкін.

«Егер ауылдық жердің кәсіпкерлерін жылыжай бизнесіне үйрететін болсам, міндетті түрде олардың өнімін өткізуге өзім көмектесемін. Олар ексін, мен көтеріп сатып алуға дайынмын», – дейді кәсіпкер нық сеніммен.

Асқар Ақтілеу, «Іскер Тілші»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған