Ақтөбелік танымал бүлдіршін Аяна Бауыржанова Жаркентте тарихи фильмге түсіп жатыр — TilshiNews

Ақтөбелік танымал бүлдіршін Аяна Бауыржанова Жаркентте тарихи фильмге түсіп жатыр

Ақтөбеден шыққан кішкентай танымал блогер Аяна Бауыржанова Алматыда тарихи фильмге түсіп жатыр деп хабарлайды «Тілші». Бұл туралы бүлдіршіннің анасы желідегі парақшада жазған.

«Бұл Аёканың алғашқы рөлі. Бұған дейін фильмдердің эпизодына да түскен емес, білесіздер. Соған қарамастан ең алғашқы тәжірибесі, ең алғашқы рөлін осындай үлкен тарихи фильмнен бастап жатыр», – деп жазған анасы Орынгүл Көптілеуқызы.

Анасының айтуынша, «Аёкаға бұл рөл ешқандай қиын болмады».

«Жақсы көңіл күймен оңай қабылдап жатыр бәрін. Өзінің текстін жаттап қоймай, басқа актерлардыкін де жаттап алыпты. Әр актерді жеке зерттеуінен өткізіп жатыр. Жүрістерін, сөйлеген сөздерін салады», – деп жазады анасы.

Фильмнің атауы – «Талақ».

«Бұл фильм қазақ киносының атынан шетелдік фестивальдерге арнап түсіріліп жатыр. Қазақстанда 1-2 жылдан кейін көріп қаласыздар, бұйырса», – дейді анасы.

***

Картина Бейімбет Майлиннің «Талақ» және «Әже» шығармаларының желісі бойынша түсіріліп жатыр. Фильм режиссері – Данияр Саламат.

Фильмде ашаршылық жылдарындағы ауыртпалықтар, орыстану саясаты кезінде әйелдерге берілген еркіндік, отбасы тағдыры, ер мен әйелдің қарым-қатынасы, тағы басқа әлеуметтік тақырыптар қозғалады.

Ал, бүлдіршін Аяна Ниязқызы «Әже» шығармасындағы Злиха мен Сарымбақтың қызы Ұлпаны сомдайды.

Аяна – 7 жаста. Ақтөбедегі №78 мектеп-гимназияның 2 класс оқушысы. Әкесі – дәнекерлеуші, анасы – ағылшын тілінің мұғалімі. Ағасы Диас 6 сыныпта оқиды, інісі Амир 2 жаста.

Бүгінде Аяна Instagram мен TikTok желілерінде Аека атымен танымал.

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

7 Comments

  1. Аяна өте алғыр, шапшаң, кез келген жағдайда тез шешім қабылдай алатындығымен ерекшеленеді. Мен Аянадай шәкіртім барын мақтанышпен айта аламын! Болашағы жарқын болсын! Әлі талай жарқырайтынына сенімдімін. Тек Алла қолдап жүрсін! Болам деген баласын қолдап жүрген ата-анасы, бауырлары аман болсын!🤲

  2. Жарайсың,Аюка жаным!Саған тілекшімін.Тек қана сәттілік.Кино әлемінің майталманы бол жаным.Қабілетіне тәнтіміз.Тіл көзден Алла сақтасын.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған