Шайтанарбамен Ыстанбұлды бетке алған жиһанкез тілші жолдағы қызықтары жайлы "Тілшіге" айтып берді — TilshiNews

Шайтанарбамен Ыстанбұлды бетке алған жиһанкез тілші жолдағы қызықтары жайлы «Тілшіге» айтып берді

Жиһанкез журналист Ернат Қашқынов Ақтөбеге келіп жетті. Велотілшінің басты мақсаты — ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай  оның туған жері Сарытүбектен Ыстанбулға дейін велошеру ұйымдастыру.

Ернат Мелсұлы – республикалық «Хабар 24» арнасының меншікті тілшісі.

Жол сапарын Әулиеатадан бастаған журналист осы уақыт аралығында Қазақстанның біршама өңірлерінде іс-сапарда болды. Велотілші 5500 шақырымды велосипедпен бағындыруда қиындықпен бетпе-бет келгенін жасырмады.

Бірнеше тілді меңгерген ол, тек қана журналист емес, аудармашы, спортшы, модератор.

— Шайырлар мекеніне айналған Ақтөбеге келгеніме бүгін екінші күн. Келген сәттен бастап облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы, балуан Ерболат Қуандықұлы күтіп алып, қонақжайлық танытты. Қазіргі сәтте облыстық планетарий ұжымыменен кездесу іс-шарасындамын. Сол себептен менің жолсапарыма қызығушылық танытқан БАҚ өкілдерімен байланысуға уақыт таппай әлеуметтік желі арқылы тілдесуге тура келіп отыр. Бүгінгі жүріп өткен жол қашықтығын есептегенде жалпы 151 шақырымдай жолды велосипедпен кезіп өттіппін, — деді велотілші Ернат Қашқынов.

Жол қиындығына қарамастан тілшінің көздегені – Анкараға жетіп, Ататүрікке тәу ету. Велошерудің соңын Ыстамбұлдағы Өзтүріктің зиратында аяқтамақ ниетте.

— Сапар алдында мен өзімді моральдық тұрғыдан дайындадым. Жолда қиындық боларын сездім. Алайда, достарымның арқасында жол қиындығын да өткердім. Мәселен, Астанадан Қостанайға дейін көлікпен жеттім. Велосипед те бұзылып, аяқ шаршап, жүруге мұрша болмаған шақта көлікпен қамтамасыз еткен достарыма айтар алғысым шексіз. Жолға жаз  басталғалы дайындалдым. 700 мың теңгеге жаңа велосипед сатып алдым. Онымен жүру өте жылдам, әрі қауіпсіз. Жылдамдылықты арттыратын аяқ киімді де сатып алуды ұмытпадым. Өзіммен бірге арқалап жүрген жүгім 30 келіні құрайды, — деді тілші Ернат Мелсұлы.

Еске сала кетсек, тілшінің сапары 5 қыркүйекте басталды. Велотілші еліміздің Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, сияқты өңірлерін жүріп өтіп, Әзірбайжан, Грузия, Түркия аумақтарын аралаудағы мақсаты — ағатушы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын, Хакім Абайдың бай мұрасын дәріптеу.

Ақмарал Мұқашева, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы

 

1 Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған