
Облыс әкімдігінің кезекті кездесуінде жол мәселесі қаралды, деп хабарлайды «Тілші» облыс басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жолдардың барлығын көріп шықтым, мердігерлермен кездестім. Бәрінің айтатыны бір әңгіме — битум тапшылығы. Аталған мәселені екі күнде шешіп, 10 мың тонна битум жеткізуге келістік. Сол жеткізілген битумның бүгінгі таңда 6400-і ғана игерілді. Соған қарағанда мәселе тек битумда емес. Қысқасы, қалада басталған жол құрылысының барлығы міндетті түрде бітуге тиіс. Оның ішінде көпшіліктің талқысында жүрген 41-разъездегі жол да бар. Елек көпіріне де қатысты мәселе қыс түспей шешілуі керек, — деді облыс әкімі.
Асхат Шахаровқа екі аптаның ішінде қаланың санитарлық жағдайына қатысты 140-тан астам ескерту берілгенін айтқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов қала тазалығы, жарықтандыру, бұралқы иттер, бейнекамералар орнату, қоғамдық көліктер мен аялдамаларға қатысты мәселелерді шешіп, автомобиль жолдарынан өзге жаяу жүргіншілерге де жағдай жасалуы керектігін айтты.