
Ақтөбелік жасөспірім Аделина Кадекова еріктілерді жинап, «Тезек» эко-қозғалысын ұйымдастырды. Оның мақсаты – қаланы қоқыстан арылтып, тазалықты сақтау. Эко-қозғалыс сенбілік жасау арқылы жүзеге асады. Аптасына 2-3 рет сенбілік өткізуді жоспарлап қойған. Әр сенбілікке кем дегенде 20 жасөспірім қатысады.
Неге «Тезек» деп аталады?
Аделина Кадекова эко-қозғалыстың «Тезек» деп аталуын қала тазалығының жағдайымен байланыстырады. Бұл атау қаланың экологиясын жаман жағынан көрсету үшін қойылмаған. Керісінше, қаланы қоқыстан тазалап, қоғамды тазалыққа шақыру мақсатында осындай атау берілген.
Эко-қозғалыс 26 шілдеден бастап жүзеге асып келеді. Еріктілер қатарына 13-18 жас аралығындағы жасөспірімдер қабылданады. Кәмелетке толмағандар ата-ананың рұқсат қағазымен қатыса алады.
«Қаланың экологиялық жағдайын жақсартқым келеді»
«Қазіргі таңда қаланың экологиялық жағдайы ең маңызды мәселеге айналып отыр. Мен қаладағы ерікті жастарды жинап, осындай эко-қозғалыс ұйымдастырғым келді. Қаланың экологиялық жағдайының жақсаруына аз да болса, үлесімді қосуды қаладым», — дейді Аделина «Тілшіге» берген сұқбатында.
Эко-қозғалыс негізінде 4 рет сенбілік өтті. Әрқайсысы 2-3 сағатқа созылады. Сенбілікке қатысу үшін қолғап, қоқыс салуға арналған пакеттер, бетперде және күннен қорғайтын қалпақ ала келу керек.
«Заң күшейсе, қоршаған орта тазарар еді»
«Менің ойымша, «Қоршаған ортаны қорғау» туралы заңды қайта қарап, оны күшейту керек. Қоғамдық орындарда қоқыс тастамай, оны қайта өңдеуге тапсырса, қаланың экологиялық жағдайы жақсарар еді. Қаланың ескі бөлігі, ГМЗ, Шанхай аудандарында қоқыс көп», — дейді Аделина өз ойымен бөлісіп.
Аделина еріктілерді Tik-Tok әлеуметтік желісі арқылы жинаған. Әлеуметтік желіге эко-қозғалыс жайында видео жүктеген. Ол тез таралып, өз еркімен қаланың тазалығын сақтауға үлес қосқысы келетін жасөспірімдер қатарға қосыла бастады. Бір топқа 400-ге жуық адам жиналды.
«Қоқысты қайта өңдеуге тапсырамыз»
«Біз пластик, қағаз, картон сияқты қоқысты бөлек жинаймыз. Оларды қайта өңдеуге тапсырамыз. Жаздың соңына дейін қаладағы қоқысты азайтқымыз келеді. Жаз маусымы аяқталғаннан кейін де еріктілермен басқа бағытта жұмыс істейміз», — дейді Аделина.
Сенбілікті өткізудің пайдасы сол, айнала қоқыстан арылып, тыныс алу жеңілдей түседі. Қаланың сәні көркі келіп, жағымды әсер қалдырады. Кейде сенбілік өткен аумақтар қайта шашылып жатады. Сондықтан әр адам тазалық сақтауды өзінен бастауы керек.
«Мен эко-қозғалыс жайлы ақпаратты Tik-Tok әлеуметтік желісінен алдым. Бірінші сенбіліктен бастап қатысып келемін. Мен де осындай эко-қозғалыс ұйымдастыруды ойлап жүргенмін. Табиғатты қорғау, сенбілік өткізу — бұрыннан көтеріліп жүрген мәселе. Бірақ іске келгенде жүзеге аспай жүр. Әлеуметтік желіден видеоны көрген соң міндетті түрде қатысамын деген шешімге келдім.
Адамдар «Кішкене қоқыс тастағаннан ештеңе бола қоймас. Бәрі де тастап жатыр ғой» деп ойлайды. Егер бұлай жалғаса берсе, қоқыс толып кетеді. Сондықтан қоқысты кез келген жерге тастамай, тазалық сақтауды әр адам өзінен бастауы керек. Менің бір байқағаным, қаладағы қоқыс толық тазаланбайды. Қоқыс жәшігіндегі қоқысты жинап әкететін тиісті компаниялар өз жұмысын дұрыс атқармайды. Олар қоқыс жәшігінің маңына өтетін жол болмағандықтан қоқыс сол күйі қала береді. Ал адамдар амалсыздан қоқыс жәшігінің маңына тастап, айнала шашылып кетеді. Алайда бұл жай ғана сылтау. Қоқыс әкететін көлік оп-оңай өте алады. Олар қоқыс жәшігіндегі қоқысты әкеткенімен сыртындағылары сол күйі қалады.
Қаланың сыртында қоқыс көп. Әсіресе, 41 разъезд, Ақжар аумағын атап өтуге болады. Ал қаланың ішінде ескі ауданда қоқыс көп деп тұрғындар айтып жатады. Сенбілікте байқағаным, қоқыстың арасында темекі тұқылы көп кездеседі», — дейді «Тезек» эко-қозғалысына қатысушысы, Ф. Оңғарсынова атындағы №41 мектеп гимназиясының 10 сынып оқушысы Нұрбек Қошан.
«Маған бұл эко-қозғалыстың қалай жұмыс істейтіні қызық болды. 3-4 апта бұрын олардың қатарына қосылдым. Менің мақсатым – таза қалада өмір сүру. Қаланың тазалығын сақтау үшін тек тұрғындар ғана емес, әкімдік те өз үлесін қосуы керек.
Тұрғындар қоқысты сұрыптап үйренуі керек. Әсіресе, жағажайларда, парктерде және қоғамдық орындарда тазалық сақтау керек. Көлік терезесінен қоқыс тастамаған жөн. Ол қайта айналып, адамға әсерін тигізеді.
Біз белгілі бір аумақта сенбілік өткіземіз. Сенбілік 2-3 сағатқа созылса да, өте жақсы өтеді. Бізге нәтиже маңызды. Қаланың орталық аудандарында да қоқыс үйіліп жатыр. Қоқыс жинау жүйесін өзгерткім келеді. Айлар, жылдар бойы жатқан қоқыстарды көрдім. Қоқыстан жағымсыз иіс шығып, ауаны ластап жатыр. Қаланың ескі бөлігінен 100-ге жуық қоқыс пакетін толтырдық.
Пушкин атындағы саябақ пен Шанхай аудандары қоқысқа толы. Пластик бөтелкелер, қағаздар, полиэтилен пакеттері, темекі тұқылдары өте көп. Алкогольдік ішімдіктің бөтелкелері мен медициналық қалдықтарды да көп кездестірдік», — дейді «Тезек» эко-қозғалысына қатысушы, №20 мектеп-лицейінің 9 сынып оқушысы Дузбаева Іңкәр.
Аружан Смағұлова, Азаматтық журналистика мектебінің қатысушысы