Ақтөбеде алғаш рет "Астана Опера" театры өнер көрсетті — TilshiNews

Ақтөбеде алғаш рет «Астана Опера» театры өнер көрсетті

Eurasian Resources Group-тің «Туған қалалардағы опера» атты корпоративті бастамасы жалпы саны 5 қаланы аралап, алты мыңнан астам көрерменге 10 қойылым сахналады. Небары 2 айда «Astana Opera» өнерпаздары Павлодар, Екібастұз, Қарағанды мен Рудныйда өнер көрсеткен. Гастрольдік сапар Ақтөбеде түйінделіп, мұндағы көрермен ризашылықпен әртістерге тік тұрып қол соқты.

Театр труппасын әр қалада көрермен тағатсыздана тосқан. Себебі кеншілер мен металлургтер, шахтерлер мен өзге де қауымның операмен қауышпағанына біраз жылдың жүзі болды. ERG компаниясы тур бағдарламасын ересектер ғана емес, балаларға да барынша тартымды етіп ойластырған. Жазғы демалыста жатқан балаларға «Музыка әлемі» атты концерт ерекше сый болды. Балалардың біразы алғаш рет опера әншілерінің дауысын тыңдап, жоғары білікті музыканттардың кәсіби шеберліктеріне таңданды. «Музыка әлемінде» атты интерактивті концертте қызықты квест өтіп, алуан түрлі сұраққа жауап іздеді. Театрдағы әдеп ережелерін танып, өнерпаздарға бірауыздан «браво» деп қошемет көрсетіп, қол соқты.

Кешкі бағдарламада Джоаккино Россинидің «Жібек саты» атты опера-фарсы сахналанды. Бұл сонау XVIII ғасырдағы ең бір қызықты комедиялық опералардың бірі. Қойылым декорациясын итальян сценографы Манана Гуниа көркемдеп, режиссурасын Алла Симонишвили қолға алған. «Астана операның» камералық оркестрі россини дәуірінің әуенін нақышына келтіре орындады. Музыканттарға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдин жетекшілік еткен.

«Жібек саты» операсының негізгі партияларын таңдаулы әртістер шырқады. Мәселен, Джуляны театрдың жетекші солисті әрі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Салтанат Ахметова сомдаса, Дорвиль ролі халықаралық Astana Opera академиясында тәлім алып жүрген белді әнші Алихан Зейноллаға сеніп тастырылған. Танымал опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов – Джермано, тенор Рамзат Балакишиев – Дормонт партияларн асқақтатты. Евгений Чайников пен Салтанат Мұратбековалар ақтөбелік көрерменге Бланзак пен Лючилла ретінде танылды.

– Біз үшін қала құраушы кәсіпорын қызметкерлері алдында өнер көрсету – бір сын. Кейбір көрермен осы бүгінгі қойылымда тұңғыш рет опера өнерімен танысып отыр. Осыған дейін итальян операсын тыңдап көрмегендер де бар. Сөйте тұра, бүгінгі қойылымды ерекше ықылыспен қабыл алды. Сондықтан, ERG қолға алған бұл маңызды бастама бірінші кезекте музыка өнерінің шедеврлерін қалың бұқараға таныту үшін қажет. Енді бұл бастамалар одан ары да қолдау тауып, жалғасын тапса, – деді «Астана опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедияров.

Бұл мемлекеттік «Astana Opera» театрының Ақтөбеге алғашқы сапары. ERG-дің ауқымды бастамасы аясында Дөң тау-кен байыту комбинаты мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері театр ұжымының өнеріне тәнті болды.

– Шақыруымызды қабыл алып, Ақтөбеге келген «Astana Opera» театрының ұжымына алғыс айтамыз. Біздің қызметкерлер, қарапайым еңбек адамдары – металлургтер мен кеншілер осындай өнер мерекесіне күнде қатысып жатқан жоқ. Сондықтан, олардың осындай ерекше дарын иелері мен кәсіби білікті маэстролардың өнерін тамашалай алу мүмкіндігіне ие болғанына қуаныштымыз, – деді «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов. – Театрдың дамып, гүлденуіне тілектеспіз! Астаналық әртістердің ақтөбеліктерге арнаған сыйы осымен тәмамдалмайтынына сенеміз, – деді ол.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған