Ақтөбеде «Халықтық бюджет» жобасы аясында балалар алаңы салынды — TilshiNews

Ақтөбеде «Халықтық бюджет» жобасы аясында балалар алаңы салынды

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері «Халықтық бюджет» жобасына қатысып, Батыс-2 ауданында балалар алаңын салуға атсалысты.

Жуырда ғана Ақтөбеде Батыс-2 ауданы «Мәңгілік ел» көшесіндегі 16 үйдің ауласында су жаңа балалар ойын алаңы бой көтерді. Аумағы шамамен 320 шаршы метр болатын көңілді алқап тұрғын үйге сән беріп, көркін ашып тұр. Бұрынғы ойын алаңының жай-күйі көңілге қаяу түсіріп, тұрғындардың алаңдауын туғызған еді.

– Зауыт қызметкерлеріне арналған 90 пәтерлі үй. Ескі ойын алаңы қауіпсіздік талаптарына еш сәйкес келмейтін. Сырғанайтын төбешіктер темірден жасалған, оның ернеуі де болмады. Төбешіктен сырғығанда балалар тас төсенішке барып түсетін. Төбешік, футбол алаңы және құмнан өзге ойнайтын нәрсе болмады. Балалар көрші үйлердің ауласына барып ойнап жүрді. Кейде Денсаулық саябағына барғысы келеді. Ол жаққа баланың өзін жібере алмайсың. Жолдан өту керек. Тұрғындар да ортақ чаттарда осы мәселені жиі көтеріп жүрді,- дейді «ERG коммерциялық орталығы» ЖШС сату маманы Рустем Қурайсов.

Балалар алаңы туралы ойдың жетегінде жүрген Рүстемге көп кешікпей «Халықтық қатысу бюджеті» жобасы жайлы хабар жетеді. Оған сәйкес, тұрғындар әкімдікке қала құрылымын дамытуға қатысты ұсыныстар беріп, жергілікті бюджеттің бір бөлігін өздері қажет деп тапқан бағытқа үлестіруге қатыса алады. Жобалар дауыс беруге ұсынылып, «үздік» деп танылғандары бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

– Зауытта он шақты команда болды. ERG шақыртуымен Тель-Авив университетінің достары қауымдастығының вице-президенті Сәния Арапова бізге жобалық менеджмент дағдыларын үйретті. Оқудан кейін біз балалар ойын алаңын салу туралы ұсынысты байқауға жібердік. Жобаның идея жетекшісі «Қазхром» ТҰК» АҚ негізгі өнімдерін өткізу маманы Айгүл Еркінбайқызы болды. Сметаны өзім есептеп, ал техникалық жағынан және дауыс жинауға Ақтөбе ферроқорытпа зауытының сенімділік инженері Ержігіт Еркінбайұлы атсалысты. Ойын алаңын құрылыс жұмыстарына дайындауға Ақпараттық қауіпсіздік бойынша жетекші Дмитрий Кумуков көмектесті. Тұрғындармен сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарына қатысты. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, жобамыз байқауда көп дауыс жинап, жеңіске жеттік. Басты мәселеміз шешілді,- дейді Рустем Қурайсов.

Осылайша зауытшылар қала тұрғындарына жергілікті бюджет қаражатын үлестіруге қатысудың үлгісін көрсетіп, жол салып берді. Бәрін айт та, бірін айт, әсіресе, балалар дән риза. Үлкендер тартқан сыйдың қызығына тоймастан ойнап жүр. Ата-аналардың да көңілі тоқ, уайымы азайған.

Ақмарал Мұқашева, арнайы «Тілші» сайты үшін

«Азаматтық журналистер желісі» жобасы Internews MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі Агенттіктің (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған