«Жас адам оқу орнын қалай басқарады?»: Жұбанов университеті ректоры айналасындағы жайтты PR маманы эйджизмге балады

Белгілі PR маманы Назым Жанғазинова Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің ректоры Лаура Қарабасованың айналасындағы жайтты эйджизмге балады, деп хабарлайды «Тілші».

Назым Жанғазинованың пайымынша, «Жаңа Қазақстанда» меритократияны талап етеміз, алайда, жастарға өзіміз сенімсіздік танытып жатамыз.

«Лаура Қарабасованы ректор етіп тағайындағанда, желіде оның жас шамасына қарап эйджизм мен күмән туындағанын байқадым. Осы лауазымға ол әлі жас деген ойлар айтылды», – деп жазады Назым Жанғазинова.

Назым Жанғазинова Лаура Қарабасованың әлемдік деңгейдегі ғалымдармен бірлескен авторлықта ондаған ғылыми еңбек жазғанын, түрлі халықаралық зерттеулерде жеңімпаз болғанын алға тарта келе, елде осындай басқарушылардың көп болғанын қалайтынын жасырмады.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде Жұбанов университеті ректоры Лаура Қарабасоваға қатысты жағымсыз сипаттағы көлемді посттар мен пікірлер жарияланған болатын. Онда ректордың жас екендігіне де назар аударылған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған