
Темір ауданы жастары шағын футболдан «Qazaq Auyl Ligasy» ойындарын ұйымдастарды, деп хабарлайды «Тілші». 16-40 жас шамасындағы ауыл азаматтары арасынан құрылған 8 құрама өзара бақ сынасты.
Нәтижесінде «1995-1996» құрамасы І орын, «Ағалар» құрамасы ІІ орын, «1997» құрамасы ІІІ орын иеленді.
Одан бөлек жарыс барысында ерекше көзге түскен ойыншыларға «Ең үздік ойыншы»,» Ең үздік қақпашы» , «Ең үздік гол», «Ең үздік ардагер ойыншы», «Ең үздік жас ойыншы», » Ең үздік сұрмерген» номинациялары берілді.
Айта кету керек, футбол ойындарын толығымен ауыл жігіттері өздері ұйымдастырды. Жүлде шығындарын да тұрғындар өздері көтерген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бастама ауыл жастары тарапынан көтерілген. Аға буын қолдап әкетті. Содан 16 жастан 40 жасқа дейінгі жігіттер арасында бірнеше команда құрылып, кубоктар, мақтау қағаздары дайындалды. Алаңдағы жарық шығындарына дейін ауыл жігіттері өздері көтерген.
«Неліктен «Qazaq Auyl Ligasy»? Ауылда бірнеше аудан бар. Солардың тек бір ауданы — «қазақ ауылда» тұратын жігіттер арасында болған ойын. Бәлкім, алдағы уақытта басқа «райондардың» жігіттері ұйымдастыра жатар. Кейін, бұйырса, аудандар болып кездесетін болармыз. Бастысы — бастама көтерілді, алғашқы ойындар өтті. Оған, тіпті, жергілікті билік өкілдері қызығушылық танытты», — дейді футбол лигасының басы-қасында жүрген жігіттер.
Нұрбек Сұлтанғали, «Тілші» үшін Темір ауданынан
«Азаматтық журналистер желісі» жобасы Internews MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында АҚШ Халықаралық даму жөніндегі Агенттіктің (USAID) қолдауымен жүзеге асырылады