Шынар Маратқызы, Ақтау белсендісі: Ескі құдықты жөндеп, малы қырылған отбасыларға шөп таратқан кездеріміз болды

Шынар Маратқызы – кәсіпкер, қоғам белсендісі, Маңғыстаудың келіні, аяулы жар, 4 баланың анасы. 2011 жылы Маңғыстау облысындағы Ақшымырау ауылына келін болып түскен. Сол жерде 5 жыл өмір сүріп, келіндік қызметін атқарып, 2016 жылы ата-енесі еншісін беріп, Ақтау қаласына бөлек шығарады.

Екінші баласымен декреттік демалыста отырғанда нәзікжандылардың басын қосатын орта құру жөнінде ой келген. Сондағы мақсаты – әйелдердің  әлеуетін көтеру, араласатын орта құру, танымал тұлғалармен кездесу ұйымдастыру, кәсіп бастауға мотивация беру.

Шынар ханымның айтуынша, әлеуметтік желілердің енді дамып жатқан кезі. Ол инстаграм желісінде парақша тіркеп, оқырмандар жинап, қыз-келіншектерге қатысты түрлі қызықты тақырыптар ұсына бастаған.

Екі ай өткенде алғашқы кездесуді ұйымдастырады. Содан барлығының көңілінен шыққанын көріп бұл басқосуды ай сайын өткізбекке бел буады. Шараға әртүрлі қонақтарды, жетістікке жеткен тұлғаларды шақырып, сол кісілер өз тәжірибелерімен, өмір жолында кездескен қиындықтармен, кәсіптің қыр-сырымен бөліседі.

«Кездесулер қаладағы дәмханаларда дастархан басында емін-еркін форматта өтеді. Түрлі тақырыптарды, жан жақты бағытты қамтуға тырысамыз, фитнесс саласы болсын, дұрыс тамақтану болсын,  психолог маман да шақырамыз. 12 айда келетін 12 қонақты алдын ала жоспарлаймыз. Нәтижелері жаман емес, жоба  барысында 5 әйел бизнес бастап кетті: типография, сұлулық салонын ашқан, сондай-ақ  нумеролог мамандығын меңгерген.  Отырысқа бар болғаны 12 адам қатысады, өйткені ықшам, жайлы атмосферада өтуі үшін адам санын шектедік, алайда әрбір жанға есігіміз ашық, қатарымызға жаңадан адамдар қосылып жатады, алдын ала әлеуметтік желіге қашан және қандай қонақ келетіні жайында пост жариялап отырамыз», – дейді Шынар Маратқызы.

Осы клубты жүргізіп жүріп ол грант ұтып алып осы жобаны ауыл әйелдеріне де өткізеді. Көп жағдайда ауылдың әйелдері бұндай шаралардан тыс қалып жатады, сондықтан оларды да жобаларға тартуды көздеген.

Ауылдарда SMM, визаж, кондитерлік іс, тігін курстарын өткізді. Былтыр 20 адам білім алды, биыл 15 әйел қатысып жатыр.

«Курсты өз ісінің шеберлері, мықты мамандар жүргізеді. Арнайы бейнетүсірілім жасап ол видеолар интернет платформаға жүктелген, сол жерден сілтеме арқылы өтіп қарай алады. Курсты аяқтағаннан кейін барлық қатысушыларға сертификаттар беріледі және жұмысқа да орналасу мүмкіндіктері қарастырылады. Әйелдерге өте ұнайды, осындай шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген секілді жылы лебіздерді естіп жатамын», – дейді Шынар ханым.

Шынар Кадированың одан өзге жасап жатқан игі істері мол, Ақшымырау елді мекенінде ескі құдыққа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қалпына келтірген, жылқылар қырылып жатқан кезде жағдайы жоқ отбасыларға шөп таратқан. Оның болашаққа деген жоспары көп, Ақшымыраудың мәселелері, атап айтқанда су тапшылығы мәселесін шешкісі келеді.

Айнұр Қобыланова, Азаматтық мектебінің қатысушысы, 

арнайы «Тілші» үшін Ақтаудан

 

 

3 Comments

  1. Қандай керемет, осындай отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, қоғамға да пайдасын тигізіп жүрген қаракөздеріміздің бары қандай жақсы! Алла қолдап жүре берсін, игі істері көп болсын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған