«Тәжірибелі тергеушіден мәртебелі маманға»: Ақтөбе заң институтының өкілі Наталья Чупринюк туралы үзік сыр

Тергеушілердің кәсіби мерекесі қарсаңында ұзақ жылдар еңбек еткен М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты Оқу-әдістемелік орталығының бастығы, полиция подполковнигі Наталья Чупринюк жайында сөз қозғамақпыз.

Институттың аға офицері бала күнгі арманы тергеуші болғанын айтады. Ішкі істер органдарында 1996 жылдан бастап адал қызмет етіп келе жатқан кейіпкеріміз Қостанай Заң институтында жоғары білім алып, оны 2000 жылы тәмамдайды. Сол уақыттан бастап Ақтөбе облысы Полиция департаментінің Зауыт полиция бөлімінде тергеу саласындағы мансабын бастайды.
Темірдей тәртіп, төзімділік пен шапшаңдық әрдайым тергеушінің бойынан табылуы тиіс. Қылмыстық іске қатысы бар күдіктілерді анықтап қана қоймай, айғақтарды тәркілеп, қылмыскерді айыптау бабы бойынша істің сотқа берілуін қамтамасыз ету тергеушінің міндетіне кіреді.

Наталья Александровна қызмет барысында қылмыстық істі тергеуді ұйымдастыру аса қиындық тудырмағанын, бірақ нормаланбаған режимде, ер-азаматтардың ұжымында жұмыс істеу оңайға соқпағанын атап өтті.

Полиция подполковнигі 2005 жылдан бастап аға тергеуші лауазымында ауыр санаттағы, көп эпизодты қылмыстық істерді тергеумен айналысты. Қызмет еткен жылдарында тергеушілер тобының құрамында Тәжікстанда орын алған қазақстандық азаматтардың қатысы бар көп эпизодты «алаяқтық» бабы бойынша жасалған ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған істі тергеуге қатысты.

Тергеу саласындағы өзі жүргізген атышулы қылмыстық істердің ішінен 2010 жылы орын алған қылмыстық оқиға туралы айтып өтті. Үш адамнан құралған қылмыскерлер тобы құрылыс дүкеніне ұрлыққа түсіп мекеме иелеріне зор шығын келтірген. Тергеу жұмыстары барысында аса ірі мөлшердегі алаяқтық бабы бойынша іс қозғалып, 2 ай көлемінде қылмыстың барлық эпизоды дәлелденіп іс сотқа жіберілген.

— Бізге шағымданған жәбірленушілердің арызы бойынша қылмыскерлер тұтқындалып, ұрланған қаражат өз иелеріне қайтарылды. Іске қатысты заттай дәлелдемелер де табылды. Ең бастысы, зардап шеккен азаматтар құқығының қорғалуын қамтамасыз еттік, кінәлілер заң алдында жауапқа тартылды», — дейді полиция подполковнигі.

Тәжірибе мен теорияны терең ұштастырған маман ұстаздық қызметтің қыр-сырын меңгеріп, бірнеше жыл Қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасында оқытушы қызметінде курсанттарға білім берді. Әріптестеріне сыйлы, курсанттарының алдында беделді аға офицер жұмыстан бос уақытында 8 сыныпта оқитын қызына көңіл бөледі.

— Қызым заңгер болуды армандайды, қазір мектепті үздік бағамен оқып келеді. Болашақта білікті маман болып қалыптасу үшін қосымша тіл үйренуге, жүзуге, тир атуға дағдыланып жүр, — дейді Наталья Александровна.

Бекет АЙСҰЛТАН,
ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімшесінің инспекторы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған