Қазақ жастары шетелде білім алуға неге құштар? Румынияда оқыған студент ойымен бөліседі

Қазіргі таңда Румынияда білім алып жатқан қазақстандық жастар саны жыл санап артып келеді. Солардың бірі – Ерлан Шаншархан. Оның пайымынша, шетелде білім алу аса қиын емес.

«Мықты дайындық пен өзіңе деген нық сенімділік болса жеткілікті. Еуропа елдерінде студенттерге қолайлы жағдайлар жасалған. Сонымен қатар түрлі академиялық бағдарламалар арқылы басқа университеттерде білім алуға болады. Атап айтсақ, Erasmus+, Erasmus Mundus, т.с.с. бағдарламалар жетерлік», – дейді ол.

Ерланға қатты ұнағаны – қала ішінде және қалааралық қоғамдық көліктің студенттерге өте қолайлы болуы. Қоғамдық ортада студенттерге түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

Қазақ жастарын шетелде тағы не қызықтыруы мүмкін?

«Менің ойымша – еркіндік. Иә, расымен біздің жастар еркіндікті жақсы көреді. Жалпы шетелде білім алудың артықшылықтары өте көп. Ең бірінші артықшылығы – ол адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Жастар жауапкершіліктің не екенін түсіне бастайды. Себебі, жаңа қоғам, жаңа орта – жаңа түсінік пен жаңаша ойлау дағдысыны қалыптастырады», – дейді түлек.

Сонымен қатар, Ерлан Шаншархан шетелдегі қазақ жастарының студенттік өмірі жайлы біраз қызық ақпаратпен бөлісті.

«Білім – ол шекарасы жоқ үлкен күш! Білім – жер, ел, тіл таңдамайды. Егер кез-келген адам білім аламын десе, мұхит асып та білім алуға мүмкіндігі өте жоғары. Белгілі бір қоғамда қысылып, ой өрісін тарылтып, менің қолымнан ештеңе келмейді деген түсініктен қашу керек. Мен Румынияда білім алдым, сонымен қатар түрлі академиялық бағдарламалар арқылы Чехия, Австрия, Венгрия және Тайвань елдерінде де білім алуға мүкіндік алдым. Сол бағдарламалар арқылы түрлі халықаралық іс-тәжірибен өтудің сәті түсті», – дейді ол.

Ерлан Еуропада білім беру мен біздің еліміздің білім беру сапасы бойынша артықшылықтарымен де бөлісті.

«Еуропада білім алу – ол ерекше шабыт береді. Ең негізгі талап – академиялық адалдық. Егер білім алғың келсе, шынайы түрде, практика жүзінде білім аласың. Менің білім алған ортам – тек шетелдік студенттерден құралған топ болды. Сонымен қатар мен шетелдік достарымнан бірнеше тілді үйрендім. Мен үшін үлкен тәжірибе болды», – дейді халықаралық бағдарламалар түлегі.

Е. Бақытұлы, Азаматтық журналистика мектебінің тілшісі

1 Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған