«Generation Zertteu» жобасының жеңімпаздары марапатталды

Алматыда 21-29 жас аралығындағы жас журналистер арасындағы «Generation Zertteu» үздік зерттеу жобасы республикалық байқауының екінші  кезеңі мен жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Тілші».

Бірінші тур барысында іріктелген жобаның 20 қатысушысы өздерінің журналистік жобаларының презентацияларын ұсынды.

Арманжан Байтасов, Сағымбай Қозыбаев, Нұржан Мұхамеджанова, Ержан Сүлейменов, Рустам Мақсұтов, Жайнагүл Төлемісова және Ұлбике Шиналиев сынды тәуелсіз қазылар алқасынан жасақталған құрам, жобаның 4 жеңімпазын іріктеп алды.

  1. Назерке Әбибулла Informburo.kz-тен жастарды кәсіптік бағдарлау туралы лонгрид жобасымен;
  2. Маржан Қапан «Platon Asia» ААП-тан подкаст сериялары жобасымен;
  3. Ерлан Шаншарханов Krea TV Media-дан маргинал жастар туралы бейне репортаж жобасымен;
  4. Кирилл Каргаполов «The Village»-дан еңбек құлдығы туралы репортаж жобасымен жеңімпаз атанды.

Жоба жеңімпаздарына журналистік зерттеу үшін 500 мың теңге көлемінде сертификаттар табысталды.

Конкурс жас журналистердің әлеуетін арттыру және қазіргі Қазақстанның өзекті мәселелері бойынша маңызды журналистік зерттеу және талдамалық жобаларды анықтау арқылы Қазақстандағы зерттеу журналистикасы бағытын дамытуға жәрдемдесу мақсатында өткізілді.

Жоба жеңімпаздары журналистік зерттеу жүргізіп, нәтижелерін 2022 жылдың 28 ақпанына дейін жариялайды.

Жобаны «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ, Арманжан Байтасов атындағы медиа мектебінің қолдауымен және «Медиа дамыту қоры» КҚ тапсырысы бойынша «Almaty Nomad» саяхатшылар клубы» ҚБ жүзеге асырады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған