Ақтөбе әкімдігі «Менің әкем» әлеуметтік жобасына қолдау танытатын болды

Ақтөбе облысындағы әкелердің басын қосып, отағасының отбасындағы беделін көтеруге бағытталған шара бұған дейін үш рет ұйымдастырылған еді. Көпшіліктің ықыласына бөлінген байқауды тек Ақтөбеде емес, өзге аймақтарда да өткізуді сұраушылар көп болды. Бірақ соңғы жылдары бұл шараны жоба ұйымдастырушылары кейінге шегеріп қойған еді.

«Пандемияға байланысты ұйымдастыруға ешқандай мүмкіндік болмады. Қауіпті індеттің кесірінен көпшілік жиналатын шараларға тыйым салынды. Сондықтан жоспар құру қиын болып отыр. Бірақ жергілікті билік, оның ішінде қала әкімдігі келер жылы жобаны жандандырайық деп ұсыныс айтып жатыр. Мұндай қолдауға қуанып та отырмын. Байқауды республикалық әкелер қауымдастығымен бірлесе өткізсек деген ойым бар. Олармен де осы жоспарды талқылап жатырмыз», – дейді журналист, «Менің әкем» жобасының авторы Жаңалық Ахаш.

Бұл уәдені шенеуніктер республикалық әкелер қауымдастығы мен Ақтөбе қалалық білім бөлімі ұйымдастырған «Әке – отбасы мен қоғамда тәлімгер, жаттықтырушы» атты жиналыста берген.

Бұл шараға қаладағы орта білім беретін мектептердің сексенге жуық әкелер кеңесі төрағалары қатысты. Жаңадан құрылған «Қазақстан әкелері» қоғамдастығының жоспарымен, бағыт-бағдарымен танысты. Қоғамдастыққа Еркін Толыбаев пен Аманғос Кулов жетекшілік етеді. Олар мектептердегі әкелер кеңесі арқылы қауымдастық жұмысын жандандыруды көздейді. Осы уақытқа дейін бірнеше білім ошағында әкелерге арнап, семинар-тренигтер мен спорттық жарыстар ұйымдастырған.

Ақтөбелік әкелердің алғашқы жиналысы еркін форматта өтті. Әркім өз ұсынысын айтып, бала тәрбиесіндегі отағасының артықшылықтары мен жіберетін қателері де айтылды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған