ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМАЛАР СОТ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУДА — TilshiNews

ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕФОРМАЛАР СОТ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУДА

Қазақстан Республикасының Конституциясы адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына басымдық бере, яғни, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп 1-бабымен анықтай отырып, азаматтардың өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығын жариялады.

Осы конституциялық қағидатты қамтамасыз етуде мемлекеттік биліктің дербес тармағы – сот билігінің рөлі ерекше. Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформа кез келген өркениетті мемлекеттің кезең-кезеңімен даму нысанына тән сот жүйесін, барлық қолданыстағы заңнаманы елеулі жаңартуды талап етеді. Азаматтарды құқықтық қорғау үшін жүргізіліп жатқан сот реформасы ҚР Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы №858 Жарлығымен бекітілген ҚР 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы шеңберінде келесі маңызды өзгерістерді жүзеге асыру жоспарланған: адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың мүмкін болатын кепілдігін қамтамасыз ету; барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың, азаматтар мен ұйымдардың конституциялық міндеттерін мүлтіксіз және толық орындауы; тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне немесе өзге де кез келген жағдайларға қарамастан құқықтар мен бостандықтардың теңдігіне кепілдік беретін жағдайлар жасау; әкімшілік құқық мүмкіндіктерін кеңейту және оның реттеуші әлеуетін жаңа қоғамдық қатынастарға тарату; қылмыстық процестің тиімділігін, оның ішінде, сотқа дейінгі іс жүргізу тәртібін жеңілдету және арттыру; азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыруды, жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін уақтылы қорғауды және қалпына келтіруді қамтамасыз ету; сот жүйесінің ашықтығы мен айқындығы деңгейін, атап айтқанда, соттардың қызметі туралы ақпаратқа халықтың неғұрлым кең қол жеткізуін ұсыну арқылы арттыру.
Тұжырымдаманы іске асырудың басты нәтижесі ол ұлттық заңнаманың негізгі салаларын (конституциялық, әкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы, кеден, экологиялық, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу, қылмыстық-атқару заңнамасын) айтарлықтай жаңарту көзделген болатын. Сондықтан, жаңа актілер әзірленіп, қабылданғанын атап өткен жөн. Мәселен, 2003 жылы Орман, Жер, Су кодекстері, 2007 жылы Экологиялық кодекс, 2008 жылы Бюджеттік кодекс, 2014 жылы Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстері, 2015 жылы Еңбек, Азаматтық процестік кодекстер, 2017 жылы Салық кодексі қабылданды. Аталған актілер Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын орындау үшін қоғам дамуының қазіргі заманғы үрдістеріне, жинақталған тәжірибеге және қазақстандық мемлекет пен қоғамның перспективалары туралы ғылыми, іргелі ұғымдарға негізделген бірыңғай құқықтық саясат қажеттілігі туралы қойылған міндет шеңберінде әзірленді.
Қоғамдық өмірдің барлық саласында заңның үстемдігін қамтамасыз ету президенттік реформаның бірі ретінде құқықтық мемлекеттің негізгі белгісіне сәйкес келеді және Қазақстан Республикасы Президентінің 06.10.2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру: табыс пен өмір сүру сапасын арттыру» атты кезекті жолдауында сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға баса назар аударылды. Мемлекет басшысы Жолдауда соңғы жылдары атқарылған жұмыстар аз емес, бірақ, басты міндет – сотқа деген сенімнің жоғары деңгейін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты, мынадай міндеттер қойылды: Біріншіден, соттар жұмысының қазіргі заманғы форматтарын және озық электрондық сервистерді енгізуді жалғастыру; Екіншіден, сот жүйесі кадрларын сапалы дамыту мен жаңартуды қамтамасыз ету, судьялардың үздік заңгерлер болуға ұмтылуы үшін ынталандырулар жасау; Үшіншіден, әсіресе, бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы сот даулары кезінде түсінікті және болжамды сот тәжірибесін, сондай-ақ, судьяларға заңсыз ықпал ету мүмкіндіктерін болдырмау. Субъективті құқықтарды, бостандықтарды және заңмен қорғалатын мүдделерді қорғаудың бірқатар нысандарының туындауы, белгіленуі және бекітілуі олар бұзылған не бұзушылық қаупі төнген жағдайда қоғам мен мемлекеттің, оның институттарының, құқықтары мен заңнамасының үдемелі дамуымен, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін нормативтік-құқықтық реттеу жолымен бекітумен байланысты. Азаматтық құқықтарды қорғау нысандарының бірі азаматтық сот ісін жүргізу болып табылады және қазіргі жағдайда азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғаудың, еңбек жанжалдарын және өзге де дауларды шешудің, моральдық және материалдық залалды өтеудің, азаматтық-құқықтық қатынастардың барлық субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етудің тиімді құралы болып табылады. Азаматтық іс жүргізу құқығы қазақстандық құқық саласының бірі, онсыз құқық жүйесі толыққанды жұмыс істей алмайды.
Азаматтық іс жүргізу құқығының әлеуметтік және заңдық құндылығы оның азаматтық, отбасылық, еңбек және өзге де құқықтарды қорғау мен қорғауды қамтамасыз ететіндігімен айқындалады. Азаматтық құқықтарды қорғау Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәсілдермен жүзеге асырылады. Азаматтық құқықтарды қорғау тәсілдері Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 9-бабы 1-тармағында белгіленген. Республикада жүргізіліп жатқан құқықтық реформа шеңберінде сот төрелігінің сапасын қамтамасыз ететін азаматтық сот ісін жүргізудің жекелеген кезеңдері ерекше маңызға ие болады. Сот тәжірибесін талдау сот ісін жүргізудің дайындық кезеңдерін тиісінше жүзеге асыра отырып, іс бойынша заңды және негізделген шешімнің қабылдануының тікелей тәуелділігін куәландырады. Қазіргі қолданыстағы Азаматтық процестік кодексте істі сот талқылауына дайындау сатысы оңтайландырылды, дайындау мерзімі барынша ұзартылды. Азаматтық істерді сот талқылауына дайындау талап арызды іс жүргізуге қабылдаған күннен бастап 20 жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілуге тиіс. Процестің осы сатысын регламенттеудің ерекшелігі талап қоюшының талап қоюдың негіздемесін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талаптарының мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға құқығы істі сот талқылауына дайындау аяқталғанға дейін не қосымша іс жүргізу әрекеттерін жүргізу қажеттілігі болмаған кезде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін жазбаша өтініш беру арқылы жаңа Азаматтық процестік кодекс бойынша іске асырылуы тиіс. Талап қоюшының талап қоюдан бас тарту құқығы, жауапкердің талап қоюды тануы құқықтар да дайындау сатысында іске асырылуы тиіс. Дәлелдемелерді тараптар және іске қатысушы басқа да адамдар істі сот талқылауына дайындау сатысында бірінші сатыдағы сотқа береді. Егер істі сот талқылауына дайындау сатысында оларды ұсыну мүмкін еместігін оларды ұсынған адамдар негіздесе, дәлелдемелер сот талқылауы сатысында ұсынылуы мүмкін. Осы кезеңде сот дәлелдемелер туралы, оның ішінде сараптамаларды тағайындау туралы, қарсы талап қою және т. б. туралы мәселелерді шешеді. Осылайша, бүгінгі күннің заңнамалық негізі мен шынайылығы істі сот талқылауына дайындау кезеңінің маңыздылығының жоғары деңгейін береді, оны тиімді қолдану, оның ішінде азаматтық сот ісін жүргізуді жеңілдетуге де ықпал етеді.
Азаматтық істі қарау мерзімі оның нақты күрделілігіне және іске қатысушы адамдардың мүдделеріне сәйкес келуі тиіс екендігі туралы норманы қамтитын халықаралық нормаларға сәйкес бірінші рет қолданылып жүрген Азаматтық процестік кодекстің нормалары бар. Азаматтық істер істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қаралады және шешіледі. Істердің жекелеген санаттары үшін қараудың қысқартылған мерзімдері көзделген, мысалы ерекше талап қою және ерекше іс жүргізу істерін дайындау аяқталған күннен бастап бір айға дейінгі мерзімде сот қарайды және шешеді. Жаңартылған Азаматтық процестік кодекстің жеке тарауы бітімгершілік рәсімдерді регламенттеуге арналған. Онда, сот, тараптардың татуласуы үшін шаралар қабылдайды, оларға процестің барлық сатыларында дауды реттеуге жәрдемдеседі делінген. Мәселен, тараптар дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді жасасып, өзара талаптардың толық көлемінде де, бөлігінде де реттей алады.
Сонымен қатар, республика соттары жүргізіп отырған реформа аясында облысымызда келесі жобалар іске асырылуда:
1. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы. Бұл жобаның басты мақсаты азаматтық істерді қарау кезінде азаматтық сот ісін жүргізудің ең бастапқы сатыларында, соның ішінде, талап арызды сот өндірісіне қабылдау сатысында татуластыру рәсімдері арқылы дауларды реттеу болып табылады. «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасын іске асыру басталғаннан бері облыс соттары әртүрлі азаматтық істер бойынша келісімдердің едәуір санын бекітті. Олардың ішінде отбасы-неке даулары; ар-намысты, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау туралы талаптар; шарттық құқықтық қатынастардан туындайтын даулар, тұрғын үй даулары және басқалар.
2. «Судья көмекшісі» жобасы. Оны іске асыру нәтижелері бойынша облыс соттары азаматтық істерді белгілі бір санаттарға ішкі бөлу жолымен жүзеге асуда. Мәселен, бір топтағы судьялар сот талқылауынсыз, тараптарды шақырусыз қаралатын істерді (бұйрық, оңайлатылған іс жүргізу, сот орындаушыларының санкциялары) қарайтын болса, екінші топтағы судьяларға азаматтық істердің неғұрлым күрделі санаттары бөлініп, судьяның көмекшілері ретінде сот отырысының хатшылары бекітіліп, соңғылар барынша судьяға көмек көрсетуде.
3. «Виртуалды сот» жобасы. Қазақстандық қоғамды цифрландыру туралы мемлекеттің стратегиясымен негізделген жобалар жақсы нәтижелерге ие. Бұл «виртуалды сот», оның шеңберінде тараптар, мүдделі тұлғалар сот залынан тыс сот отырысына заманауи аудио және бейне байланыс техникалары арқылы қатыса алады.
4. «Отбасылық сот» жобасы. Облыс аумағында «Отбасылық сот» пилоттық жобасы белсенді іске асырылуда, оның шеңберінде отбасы мен баланы қорғау жөніндегі ұйым өкілдерінің, психологтардың, әлеуметтанушылардың қатысуымен жүйелі негізде акциялар өткізіледі; отбасы мен неке институтын нығайту, Қазақстанның лайықты болашағын қамтамасыз ету мақсатында облыстың білім беру ұйымдарында, ірі кәсіпорындарында дәрістер өткізілуде. Осы пилоттық жобалар аяқталған соң оның нәтижелері туралы есептік ақпаратты және пилоттық жобаның тетіктерін барлық соттарға енгізудің орындылығы туралы ұсыныстар беріледі.

Әбежанова Ақтоты Ғайниқызы,
Заң ғылымдарының магистрі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған