Ауғанстандағы «тәжік тәліптер» Тәжікстанға шабуыл жасауға дайындалып жатыр

Душанбе Ауғанстанның солтүстігінде тәліптер мен Тәжікстанмен шекарада «Ансоруллах» содырлар тобының күшеюіне алаңдап отыр.

Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялы облысының шекара басқармасындағы аты-жөнін атамаған дереккөз Азаттықтың Тәжік қызметіне тәжік тәліптері («Ансоруллах» содырлар тобы) тәжік-ауған шекарасында Бадахшан аумағына шабуыл жасауды жоспарлап жатыр деген мәлімет пайда болғанын айтты.

Дереккөздің айтуынша, Тәжікстан билігі ақпаратты тексеріп жатыр. Бірақ сақтық жасап, күштік құрылымдарды әскери дайындық режиміне көшірген.

«Бізге осындай мәлімет түсті. Шекарашылар соған дайын… Сол жақтан қауіп барын сезіп тұрмыз, кез келген шабуылға тойтарыс беруге дайынбыз» деді дереккөзі.

Ал Таулы Бадахшан автономиялы облысы президент Эмомали Рахмонды қарсы алуға дайындық жасауға кіріскен. Облыс басшысының баспасөз хатшысы Голиб Ниятбеков 23 қыркүйекте «Озоди» радиосына берген сұхбатында «содырлар шабуыл жасауы мүмкін» деген сыбыстың пайда болғанын растады.

«Бірақ бұл әзірге сыбыс қана. Шекарашылар мемлекеттік шекарада бақылауды күшейтті. Таулы Бадахшан автономиялы облысы мемлекет басшысының жұмыс сапарына әзірлік жасап жатыр. Жұртта үрей жоқ, бәрі күнделікті шаруаларымен айналысып жатыр» деді ол.

Тәжікстан басшысының Таулы Бадахшан автономиялы облысына нақты қашан баратыны белгісіз.

Бұған дейін «Талибан» қозғалысы (Қазақстанда тыйым салынған) Ауғанстанның басым бөлігін басып алған. Маусым айында олар Тәжікстанмен шекараға бақылау орнатып, ауған-тәжік шекарасының бір бөлігін бақылауды Тәжікстанда тыйым салынған «Ансоруллах» тобына тапсырған. Бұл топтың құрамындағы көптеген содырларға Душанбеде халықаралық іздеу жарияланған.

Ал «Талибан» өкілдері Тәжікстан шекарасына қауіп жоғын, көршілерге шабуыл жасалмайтынын айтып келеді.

azattyq.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған