Банктер қарыз алушыларды жалғыз баспанасынан айырмау жөнінде меморандум қабылдады

23 қыркүйекте Қазақстанда ипотекалық қарызы бар әлеуметтік аз қамтылған топтарды жалғыз баспанасынан айырмауды қарастыратын меморандум қабылданды. Оған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Алматы әкімдігі, банктер омбудсмені, банктер мен қоғамдық бірлестіктер қол қойған. Бұл туралы агенттікке қарасты қаржы қызметін тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев хабарлады.

«Меморандум биылғы жылдың маусым айынан бері дайындалды. Оның мақсаты – әлеуметтік аз қамтылған топтарға жататын қарыз алушылардың (қосалқы қарыз алушы, гарант, кепіл беруші адам) құқығын тараптар арасында реттеу шараларын қабылдау арқылы қорғау» деп жазды Терентьев.

Меморандумға сәйкес, баспанадан шығарумен байланысты проблемалық қарыздарды реттеу кезінде банктер сот шағымдарын түсіруді доғарады, қарызды өндіріп алу әрекеттерін тыйып, қарыз алушыларды үйден шығаруын тоқтатады.

Меморандум 23 қыркүйекте күшіне енген. Қол қойған күннен бастап 12 айға дейін жарамды.

Агенттік меморандум Алматы қаласында қабылданғанмен бүкіл республикаға жарамды екенін ескертеді.

Құжат меморандум болғандықтан оны тараптардың орындауы міндет емес және ондағы шарттар ерікті түрде жүзеге асырылады.

Бұған дейін Алматы қаласында бес адамның өмірін қиған атыс болып, жағдайдың ушығуына қарыз алушының кредитін өтей алмай жалғыз баспанасынан күшпен шығарылуы, мүліктерінің төмен бағалануы түрткі болғаны хабарланған. Бұл оқиғадан соң елде екінші деңгейдегі банктердің жоғары пайыздық мөлшерлемесі, азаматтарды жалғыз баспанадан айыру, әділетсіз сот шешімдері сияқты мәселелер қайта көтерілді.

azattyq.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған