«Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021»: Бала әнші Медина Күзембаева қандай кітаптар оқитынын айтып берді

«Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» және «Қазақстанның оқырман ұрпағы – 2021» акциясы аясында көптеген халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері, Белорусь республикасының Минск қаласында өткен «Star flowers» ән байқауының II орын иегері, IV республикалық «Бақыт деген сенің бала күндерің» атты ән байқауының I орын иегері,  №55 мектеп-гимназиясының 4 «ә» класс оқушысы Күзембаева Мединамен сұхбатты ұсынамыз.

Сұхбатқа Мединаның анасы Тулепова Алтынгүл және отандық телевизиялық жобалардың авторы, продюсер, режиссер, Қанат Аман қатысып, жас таланттың шығармашылық жолы туралы қызықты әңгіме өрбітті.

Медина 5 жасынан вокал үйірмесіне барып, ән айта бастады. «Талант» студиясынан 1 жылдай сабақ алып, кейінен Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде өнерін шыңдаған. Жас таланттың ән қоржынында он шақты ән бар, оның бесеуін отандық сазгерлер жазса, өзгесі шетелдік авторлардың әндері.

Мединаның алғашқы екі әні «Туған жер», «Жан әке» әндерін жас ақын, сазгер Қуанбай Шынболат жазса, кейінгі «Мына заман» әнінің мәтінін Жетісулық ақын, сазгер Ардақ Тошынбай, әуенін белгілі сазгер, танымал музыкалық продюсер Бек Оралбек жазып шығарды. Жуырда жарық көрген «Папатайым» әні жерлес ақын, сазгер Ерхан Алданазаровтың музыкалық туындысы. Алдағы айда белгілі ақын Оразбек Қинбаевтың сөзіне жазылған, Ерхан Алданазаровтың  «Туған жер» атты жаңа әннің тұсауы кесіліп, Мединаның орындауында тағы бір жаңа бейнебаян жарық көреді.

Мединаның өнерін қолдап жүрген жанның бірі, отандық телевизиялық жобалардың авторы, продюсер, режиссер – Қанат Аман. Ол жас таланттың өнерін шыңдап, бейнебаян түсіруге өз көмегін көрсетіп келеді. Көптеген жас өрендердің үлкен сахналарда өнер көрсетуіне қолдау көрсетіп, өнерлі жастардың көрермендерге танылуына септігін тигізуде.

«Талант арманға бағынады, өмір мүмкіндікке бағынады», – дегендей ата-ананың тәрбиесі баланың шыңдалуына ерекше әсер етеді. Мединаның анасы Алтынгүл Тулепова:  Мединаның өнерге қызығушылығы өте жоғары. Нағашы әжесі ауданның белді әншісі болды.  Бала кезінен-ақ, әннің әуеніне ілесіп, кез келген әнді бірден жаттап алатын. Медина қазіргі таңда Жетіген класынан сабақ алып, өңірімізге белгілі әнші Мират Есетовтың вокал студиясында өз өнерін дамытуда. Өнердегі ағаларынан Димаш ағасын үлгі тұтып, шетелдік әншілерден Билли Айлиштің әндерін сүйіп тыңдайды», – дей келе Мединаның болашағынан зор үміт күтетінін айтты.

«Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті», – деп Аристотель айтқандай, білім мен өнер кейінгі буын өкілдерінің болашағы жарқын болуына басты кепіл. Ал, осы рухани құндылықтарымызды жастарға насихаттайтын киелі шаңырақ – ол кітапхана. Кітап – адамзаттың сарқылмас рухани қазынасы. Кітаптан алған білім – мәңгілікке сарқылмайтын рухани құнды қазына. Кітапхананың әрбір оқырман үшін алатын орны ерекше.  Қазіргі жастардың кітап оқуға деген талабы зор.

Биыл «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы»  болғандықтан балалардың кітапқа деген қызығушылығы арта түссе, біз үшін зор жетістік. Әр адамның өмірінде өзіне ұнаған кітабы болады. Талантты жас – Медина балалар әдебиетін оқығанды ұнатады. Әсіресе, ертегілерді сүйіп оқиды. Соңғы оқыған кітабы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты және Зира Наурызбаева, Лиля Калаустың «Алтын тостағанды іздеу» кітабы.

«Менің атым-Қожа» повесі – балалар әдебиетінің классигі атанған Бердібек Соқпақбаевтың шоқтығы биік туындысы. Бұл шығармада Қожа сотқар бала болып көрінгенмен, оның мейірімділігі өз оқырманың баурап алады. Зира Наурызбаева мен Лиля Калаус  жазған «Алтын тостағанды іздеу» кітабы шытырман оқиғаға толы. Қазақстанның географиясымен, жер-су аттарымен, қазақтың салт-дәстүрімен, ежелгі әдет-ғұрпымен осы кітаптағы қызықты сюжеттер арқылы таныса алады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА, «Тілші»

 

 

 

 

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған