Зейнетақы жинақтарын банкке аудару тұрғын үй бағасына қалай әсер етеді

Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында жеткілікті шектен асқан зейнетақы жинағының бір бөлігін «Отбасы банктегі» шотқа аударуға рұқсат беруді тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шара қаражат жинау және оларды сауатты басқару әдетін қалыптастырады.

«Тұрғын үй біздің азаматтар үшін әрқашан маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек. «Баспана хит» және «7-20-25» бағдарламалары жақын арада аяқталады. Бұл ретте нарықтық ипотека бойынша мөлшерлемелер әлі де жоғары және барлық қазақстандықтарға қол жетімді емес. Осыған байланысты кешенді тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Оның әкімшісі ұлттық даму институтына айналатын Отбасы банк болады. Банктің алдында «бір терезе» қағидаты бойынша тұрғындар арасында тұрғын үйді есепке алу мен бөлуді қамтамасыз ету міндеті тұр», – деді президент 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын қолдану бастамасының оң әсерін атап өтті.

«Бұл тенденцияны сақтап қалу үшін тұрғын үйді кейіннен сатып алу мақсатында жеткіліктілік шегінен жоғары соманы Отбасы банктегі шотқа аударуға рұқсат беру қажет деп есептеймін. Бұл қаражат жинауды және оны ақылмен басқаруды әдетке айналдыруға мүмкіндік береді», – деді Президент.

«Қазақстанда жыл сайын 120 мыңға жуық жас шаңырақ көтереді. Алғашқы жылдары ерлі-зайыптыларға жеке пәтер немесе үй алу үшін ақша жинау оңай емес. Оларға қолдау қажет. Ал Мемлекет басшысының бастамасы – шұғыл қажет. Бұл қазақстандықтарға Отбасы банкте ақша жинау мерзімін екі есе дерлік қысқартуға және қоныс тойын әлдеқайда ертерек тойлауға мүмкіндік береді. Біздің болжауымызша, бұл мүмкіндікті бір жыл ішінде 190 мыңға жуық жас отбасы пайдалана алады. Ал тағы 15 мың отбасы жыл сайын депозит ашады», – дейді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Ал бұл жаңалық тұрғын үй нарығына қандай өзгеріс әкеледі? Жыл басындағыдай шаршы метр бағасы шарықтап кетпей ме? Inbusiness.kz тілшісі сарапшы пікірін білді.

Айта кететіні, қазірдің өзінде 250 мың қазақстандық жалпы сомасы 1,4 трлн теңгеден аса зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдаланған. Олардың 46,1%-ы 36-45 жас аралығындағы азаматтар болса, 18,5%-ы 26-35 жастағылар. Ал 18-25 жас аралығындағы салымшылардың үлесі 0,2%.

Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов бұл өзгеріс тұрғын үй алуға ниетті жастарға көмек болғанымен, жылжымайтын мүлік нарығына әсер етпейді деп топшылайды.

«Бұл өзгеріс шаршы метр бағасына мүлде әсер етпейді деп айта аламын. Себебі зейнетақы шотындағы шекті мөлшерден жоғары соманы банкке аудару – жинақтық үдеріс. Себебі шотқа қомақты сома аударылмайды. Тек тұрғын үй бағасының 10-20%-ы шамасындағы алғашқы жарна жинақталады. Осылайша ол жылжымайтын мүлік нарығына үлкен өзгеріс әкелмейді», – деді сарапшы.

Бұл ретте федерация президенті ипотекалық бағдарламалар бойынша тек бір ғана оператор болғаны дұрыс деп есептейді. Сонымен қатар жаңа кешенді бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі 2-3%-дан аспағаны жөн.

Сарапшының ойынша халықтың табыс деңгейіне 7%-дың өзі жоғары.

«Бірыңғай бағдарлама әзірлеу туралы шешімді қолдаймын. Осы уақытқа дейін елімізде бірнеше ипотекалық оператор болды. Бірақ ипотекалық бағдарламалар бойынша ортақ жүйе қалыптастырылмады. Оператор көп болған сайын, шарт та көп. Ал ипотекалық несиелеуді субсидиялайтын бір ғана институттың жұмыс істеуі өте ыңғайлы болар еді. Ал жаңа жоба іске қосылғанда нарықта үлкен өзгерістер орын алмау үшін, барлық несиелік бағдарламаларға ортақ мөлшерлеме бекіту керек. Ең тиімдісі 2-3%. Ол әлеуметтік осал топтағы азаматтарға да, орта топтағы халыққа да ыңғалы. Нәтижесінде нарық кеңейеді, салада операциялар көбейеді», – деді Ермек Мүсірепов.

inbusiness.kz

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған